Өзбекстан бидай орнына өзге дақыл егеді

Өзбекстан бидайдың орынына өзге дәнді дақылдарды егуді қолға алмақ.

Климаттық жағдайларға байланысты сапалы астық өсіру мүмкін емес. Қазір елде шамамен 1,5 млн гектар жерге бидай егіледі. Алайда орылған өнім тек мал азығына ғана жарамды. Еске салайық, Қазақстан бидайын сатып алушылар көшін Өзбекстан бастап тұр.

Көрші ел жыл сайын шамамен 2 млн 700 мың тоннаға жуық астық сатып алады. Екінші орында Қытай. Олар бізден 1 млн 700 мың тонна импорттайды.

Вадим Соколов, «Аралды құтқару» агенттігі қорының директоры:

- Өкінішке қарай климаттық жағдайға байланысты бізде бидай өсіру қиын. Сапасы төмен. Ол өніменен нан пісірген күннің өзінде, оны адам жемейді. Яғни бидайды мал азығы үшін егеді. Әрине, ол алқаптар суармалы. Ауыл шаруашылық саласын дамытудың бағдарламасы аясында қазір ғалымдарымыз бидайдың орнына басқа дәнді-дақылдарды егу жағын қарастырып жатыр. Бұл бір жағынан су үнемдеуге де септігін тигізер еді.

Қазір Өзбекстанның ауылшаруашылық саласында 14 ғылыми институт пен дәнді дақылдарды сұрыптайтын 55 шаруашылық бар. Олар жергілікті климатқа жерсінетін бидай сұрпын шығаруға ынтық. Тіпті Қытай ғалымдарының тәжірибесін қолдануды көздеп отыр.