Қазақстан - Қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесі кезінде 15 млрд АҚШ долларына келісім жасалды.

Оның айтарлықтай бөлігі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына тиесілі.  Жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараға биыл 500-ден астам бизнес өкілі қатысып, бірқатар екіжақты келісім жасалды. Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесі - сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестіктің әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл іс-шара осымен 8-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Осының арқасында екі елдің кәсіпкерлері мен компаниялары арасында ынтымақтастық артты. Биылғы жиынға президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысуы Кеңестің салмағын арттырды.  

Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры:

- Былтыр Астанада біз 45 құжатқа қол қойдық. Құны 3,7 млрд теңге. Осы жылы біз 70-тен астам құжатқа қол қойдық. Құны 15 миллиард АҚШ доллардан астам. Яғни бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың нығаятындығының дәлелі.

Жиын аясында «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы бірқатар маңызды келісім жасасты. Олардың дені әлемдік деңгейдегі ірі корпорациялар. Бұл құжаттар жаңа жұмыс орындарын ашып өнеркәсіптік әлеуеттің өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ екі ел арасында өзара сенімді арттырады.

Чжоу Хайвэй, «Чжунтяо құрылыс инвестициясы» ЖШС Президенті:

- Бұл біздің компания үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгінде Астана жеңіл рельсті көлік жобасына инвестиция салып жұмыс істеп жатырмыз. Осы іскерлік кеңес барысында тағы бірнеше жобаға қол қойдық. Бұл Қазақстан үкіметі мен халқының қытайлық кәсіпорындарға деген сенімі мен қолдауы. Алдағы уақытта инвестициялық жобаларды дамытып, өзара тиімді өркендеуге үлес қосатын боламыз.

Іскерлік Кеңес аясында екі панельдік сессия өтті. Біріншісі энергетика. Ал екіншісінде көлік және логистика тақырыбы талқыланды. Оған еліміздің барлық аймақтары және қытай тарапынан мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері қатысты. Жиын соңында тараптар коммерциялық құжаттарға қол қойып, келісімге келді.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын, 24KZ