Еуроодақ қорғанысын күшейтеді

Әлем суға ғана зарығып отырған жоқ.

Су үшін де, жер үшін де талас-тартыс, күрес тоқтамақ емес. Дөңгелеген дүниенің бір бұрышында бір ел қысқы азығын қамдап жатыр. енді біреу отынын әзірлеп әлек.

Ал Еуропа қорғаныс бюджетін рекордтық деңгейге жеткізді. Биыл шығын көлемі былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Мақсат Ресейге қарсы тұрып, одақтастарының қауіпсіздігін нығайту. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Биыл Еуроодақтың қорғаныс шығындары 381 миллиард еуроға жетіп, рекорд жаңартылып отыр. Ұйымға мүше 27 мемлекет Ресейге қарсы тұру үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Одақ қорғанысқа бөлінетін қаржыны АҚШ президентінің қысымынан кейін ғана 10 пайызға өсірді. 

Еуропалық комиссияның төрайымы Ресеймен шекаралас кәрі құрлық елдеріне төрт күндік іссапармен барып, 2028–34 жылдарға арналған бюджетте көші-қон және шекараны бақылауға бағытталған шығын көлемі 3 есеге арттыру ұсынылғанын айтты.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия Төрайымы: 

- Ресей және Беларусьпен ортақ шекарасы бар мемлекеттерге қосымша қаржы бөлінеді. Себебі Еуропаның шекаралары — ортақ жауапкершілік. Біз әскери ұтқырлықты он есеге, қорғанысқа бағытталған жалпы инвестиция көлемін бес есеге арттыруды ұсындық. 

Еуропалық комиссия хабарлағандай, 150 миллиард еуро көлеміндегі несиелік бағдарламаны барлығы қолдап отыр. Ол — ұйымға мүше елдердің қорғаныс шығындарын арттыруға бағытталады. 27 мемлекеттің 19-ы қазірдің өзінде қаржы алу үшін өтінім беріп қойған. SAFE жобасы ұйымға мүше елдерге Еуроодақтың орталық бюджетінен кепілдендірілген арзан несие алуға мүмкіндік береді.

Гитанас Науседа, Литва Президенті: 

- Литва осы қаржылық құралдан 8 миллиард еуро сұрады. Оның 7 миллиарды біздің ұлттық әскери бөлімшемізді құру мен дамытуға жұмсалады. Шамамен 1 миллиард еуро шекарамызды, атап айтқанда Польшамен бірлесіп Балтық қорғаныс желісін салу әрі нығайтуға бағытталады. 

Президент Дональд Трамп ұйымның өз әскеріне ұзақ уақыт бойы мардымды қаржы бөлмей келгенін жиі сынға алған еді. Оның билікке қайта оралуы ғана Еуропаға жаңа серпін берді. Биыл шілде айындағы саммитте АҚШ президентінің НАТО-дағы одақтастарына қойған талабынан кейін Еуропа қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімінің 5 пайызына дейін жеткізуге уәде берді.

Бұл соманың ішіне: негізгі қорғанысқа 3,5 пайыз, ал инфрақұрылым мен киберқауіпсіздік сияқты кең ауқымды салаларға 1,5 пайыз көлеміндегі шығындар кіреді. 

Ғалымжан Қараманұлы