Әлемнің бірқатар елінде ЖИ саласында білім беруге басымдық беріліп отыр

Қазір әлемнің бірқатар мемлекеті жасанды интеллект саласында білім беруге ерекше назар аударып отыр. Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Эстония және Тәжікстан мектептерінде ақылды жүйе негізіндегі пәндер міндетті саналады.

Оқыту үдерісі жасанды зерде арқылы жеке оқушының мүмкіндігіне бейімделіп, білім алу тиімділігін арттыруды көздейді.

Біріккен араб Әмірліктері мектептерінде жасанды интеллект пәні міндетті болып енгізілді. Ол бастауыш сыныптардан бастап, түлектерге дейін барлық деңгейде оқытылады. Курс ақпарат пен алгоритмдермен жұмыс, этикалық сауаттылық сияқты кең ауқымды тақырыптарды қамтиды. Оқушыларға жас ерекшеліктеріне бейімделген әдістемелік материалдар ұсынылады.

Қыркүйектің бірінен бастап Қытай мектептерінде де жасанды интеллект міндетті пәнге айналды. Мұнда да бағдарлама баланың жас ерекшелігіне қарай бөлінеді. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары үшін ойын түрінде жүргізіледі. Ал жоғары сыныптар бағдарламалау мен жасанды нейрожелілерді қолдануды меңгереді. Қытай билігі жасанды зердені мектеп бағдарламасына енгізу арқылы болашақ ұрпақты жоғары технологияларға бейімдеуді әрі еңбек нарығына дайындауды көздейді.

Эстония да бұл бағыттан қалыс қалмай, "TI-Hüpe 2025" атты ұлттық білім беру бағдарламасын іске қосты. Жоба аясында оқушылар мен мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын тегін пайдаланады. Осы мақсатта OpenAI компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Алғашқы кезеңде 20 мың оқушы мен 3000 мұғалім ЖИ негіздерін меңгереді. Келер жылдан бастап бағдарлама кәсіби-техникалық мекемелерге де енгізіліп, 38 мың оқушы мен екі мың ұстазды қамтуға тиіс.

Тәжікстанда жүзден астам мектепте жоғары сыныптарға арналған жасанды интеллект бойынша тегін факультативтік курстар іске қосылды. Сабақтар аптасына бір рет өтеді. Бұл әзірге пилоттық жоба болғанымен, алдағы уақытта "Жасанды интеллект негіздері" жеке пән ретінде енгізілмек. Мұндай мектептердің көбі Душанбе қаласында орналасқан.

Авторы: Динара Орынтай