Қатарға шабуыл кеш ескертілген
«Бұл - аса қорқақтықпен жасалған әрі алдын ала ескертілмеген қылмыстық шабуыл».
Қатар Әмірлігі Израильдің Дохаға қарсы әрекетін осылай деп айыптады. Ресми мәлімдемеге сәйкес шығанақ мемлекеті АҚШ тарапынан әуе соққысы жайлы ескертудің кеш берілгенін алға тартып отыр. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, Қатардың Газада бейбітшілікті орнатуға бағытталған келіссөздеріне едәуір нұқсан келген.
Израильдің ХАМАС лидерлері жасырынған нысандарға шабуылы Қатар аумағында болғандықтан, оның соңы саяси дауға ұласты. Соққы салдарынан тіпті елдің ішкі қауіпсіздік қызметі өкілі қаза тапты деген дерек те бар. Бұл туралы Al Jazeera арнасы хабарлады. Онымен қоса, тағы 4 адам оқиға кезінде опат болған. Қатар үкіметі бұл әрекетті «мемлекеттік терроризм» деп атап, Израильді халықаралық құқықты өрескел бұзды деп айыптады. Себебі мұның барлығын жергілікті сарапшылар тарапынан ел егемендігіне тікелей қол сұғу деп бағаланып отыр. Үкімет өкілдері осы жайтқа алаңдаулы. Тағы бір мәселе, бейбітшілік орнатуға бағытталған келіссөздерге нұқсан келді.
Қатар өз тарапынан Газадағы жағдайды реттеуге арағайын міндетін атқарып келеді. Хамас өкілдеріне сол мақсатта келіссөз алаңын ұсынып, қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік берген. Болған оқиғаға қарамастан Катардың Израиль мен ХАМАС арасындағы делдал рөлінен бас тартпайтынын нығарлап айтып жатыр. Ресми Доха мәлімдемелерінен Ақ үй әрекетіне де біршама наразы екені де аңғарылады. Себебі ондағыларды АҚШ шабуыл басталғаннан кейін тек 10 минуттан соң хабарласқан. Яғни ескерту кеш берілген.
Авторы: Рауан Мыңбай