Францияда билікке қарсы жаппай наразылық. Live
Францияда жаппай наразылық. Жолдар, вокзалдар, мектептер жабық. «Бәрін бұғаттайық!» деген ұранмен шеру өтіп жатыр.
Халық Экс премьер-министр Франсуа Байру ұсынған дағдарысқа қарсы бюджеттен бас тартуды талап етуде. Көшеге мыңдаған адам шықты. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 80 мың полицей жұмылдырылған.
Қазір Парижде басты шеру өтіп жатқан Шатлэ алаңында тұрмыз. Таңертең наразылық акциялары шаһардың әр жерінде ұйымдастырылды. Қазір адамдар осы алаңға жиналған. Шеруден қаланың көлік қозғалысы шектелген. Бұл жерде ел кәсіподақтарының басшылары кездеспек. Жалпы наразылық шарасы бүкіл елде өтіп жатыр. Ең ауқымдылары Парижден бөлек Нант, Лион, Тулуз, Ренн және Руан қалаларында тіркеліп отыр. Қозғалысқа тіпті мектеп оқушылары да қатысуда. Мәліметке қарағанда Парижде шеруге шыққандардың қарасы 10 мыңға жуықтайды. Ал ел бойынша олардың саны 100 мыңнан асады. Полиция 250 адамды қамауға алған. Жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Дүйсенбі күні отставкаға кеткен Ішкі істер министрі Бруно Ретайо үндеу жасап, халықты сабырға шақырып, кез-келген инфрақұрылымның жұмысына кедергі келтірушілерге тиісті шара қолданылатынын ескерткен еді.
Ал Толқулардың басты себебі – шілде айында бұрынғы Премьер-министр Франсуа Байру ұсынған қатаң үнемдеу шаралары. Олардың ішінде мереке күндерінің қысқарту, зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерді тоқтату бар. Осы арқылы 44 млрд еуро үнемдеу жоспарланған еді. Бірақ оған көпшілік қарсы шықты. Осыған байланысты дүйсенбі күнгі парламент үкіметке сенімсіздік танытып, Премьер-министр Байру отставкаға кетті. Ал кеше президент Эммануэль Макрон оның орнына Қорғаныс министрі Себастьен Лекорнды тағайындады.
Жалпы «Бәрін бұғаттайық!» қозғалысы – инфляцияға, қатаң үнемдеу саясатына және саяси элитаға деген сенімсіздіктен туған күш. 2018 жылғы «Сары жейделілер» қозғалысынан айырмашылығы – бұл жолы ұйымдасу әлсіздеу болғанымен, онлайн жақтаушылар айтарлықтай жоғары. Сәрсенбі күні елдің екі ірі кәсіподағы – CGT және SUD наразылық акцияны ресми түрде қолдау білдірді. Ал 18 қыркүйекте бұдан да ауқымды ереуілдер өткізу көзделіп отыр. Ipsos институтының сауалнамасы қарағанда қозғалысты француздардың 46% қолдайды.