Непалда коменданттық сағат енгізілді

Непалдағы жаппай толқулардан кейін әскерилер ел аумағында коменданттық сағат енгізді.

Бұл уақыт аралығында тек жедел жәрдем, өрт сөндіру және қауіпсіздік қызметтерінің көліктеріне ғана жүруге рұқсат берілген. Катманду халықаралық әуежайы жабылды. Әскерилердің мәлімдеуінше, наразылықтарға қатысушылардың арасында қасақана бүлдіруші топтар анықталған. Олар өрт қойып, тонау әрекеттеріне барған. Құқық қорғау органдары шамамен 30 адам қамауға алынғанын айтады.

Ашок Радж Сигдел, Непал армиясының штаб бастығы:

- Наразылықтар халыққа ауыр зардап әкелді. Біздің міндетіміз елдегі тәртіпті қалпына келтіріп, жаңа шығындарға жол бермеу. Осындай жағдайда жалғыз дұрыс шешім - диалог арқылы ортақ келісімге келу.

Қазір еріктілер қала көшелерін қоқыс, сынған әйнек және жиһаз қалдықтарын жинауға кірісті. Наразылық кезінде үкімет сарайы, парламент, Жоғарғы сот және бірқатар ғимаратқа өрт қойылды. Айта кетейік, Непалдағы жаппай наразылық әлеуметтік желілердің бұғатталуы мен биліктегі жемқорлыққа қарсылықтан туындады. Шеру кезінде қақтығыс болып, 25 адам қаза тапты. 600-ден астам адам түрлі жарақат алды.