Еуропаның көлік өнеркәсібі дағдарып тұр
Елдің жылу-энергетикалық саласында оң өзгерістер бар. Ал Еуропаның көлік өнеркәсібі дағдарысқа ұшырады, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, неміс бірлестіктерінің аяқ алысы бәсеңдеген. Экспорт азайып, табыс қысқарған. Кейінгі бір жылда саладағы 114 мың адам жұмыссыз қалды. Тіпті елдің жалпы ішкі өнімі азайған. Қарт құрлықтағы көлік саласының құлдырауына не себеп? Еуропа нарығының алпауыттары қиындықты қалай еңсермек?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Неміс көліктері жылдар бойы озық технология, жайлылық және қауіпсіздік символы саналатын. Алайда соңғы уақытта әлемде бұл көліктерге сұраныс азайып барады. Нарықтағы қызығушылық бәсеңдесе, табыс құлдырайтыны айтпаса да түсінікті. Кейінгі 3 айда неміс бірлестіктерінің кірісі 533 млрд еуроға дейін қысқарған. Мюнхенде өткен Еуропадағы ең ірі көлік көрмесінде елдегі өндірістің болашағы талқыланды.
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Германия әлемдегі көлік өндірісінде жетекші рөлін сақтап қалуға тиіс. Біз дүниежүзіндегі өзгерістерге ілесіп қана қоймай, оны өзіміз жасауымыз қажет. Өйтпеген жағдайда Германия көшке ілесе алмауы мүмкін.
Канцлер Мерцтің бұлай алаңдауына негіз бар. Өйткені Германия Орталық банкінің мәліметі бойынша сәуір мен шілде аралығында елдің жалпы ішкі өнімі 0,3% құлдыраған. Бұған көлік экспортының азаюының әсері бар. Мәселен, Қытайға 14%, ал АҚШ-қа 10% қысқарған. Кей мамандар бұл неміс алпауыттары үшін «кіріс дәуірі» аяқталып қалғанын көрсетсе керек дейді.
Ола Каллениус, Еуропалық Автомобиль қауымдастығының басшысы:
- Еуропадағы көлік өнеркәсібі құлдырауға шақ тұр. Біз шындықты ашық айтуымыз керек. Әйтпесе, «ауырғанын жасырған өледінің» кебін киеміз. 2035 жылға қарай жанар-жағармаймен жүретін көліктерге тыйым салу қате шешім. Бұл тек Mercedes-Benz емес, BMW, Volkswagen, Opel, Peugeot Citroёn, Renault сияқты еуропалық алыптардың да болашағына қауіп төндіреді.
Иә, еуропалық алпауыттар электромобиль шығарудан Қытайдан кенже қалып тұр. Мәселен, былтыр дүниежүзінде 17 млн электркар сатылған. Ал, бұл нарықтың 76%-іне қытайлық брендтер ие. Түр-түрін ұсынып отыр. Сапасы мен бағасы да көптің көңілінен шығады.
Эндрю Бейли, Англия банкінің басшысы:
- Қытай электркарларға арналған аккумуляторларды өздері шығарады. Сондықтан оларда тоқпен жүретін көліктердің бағасы арзан. Ал еуропалық өндірушілер бұл жағынан артта қалып отыр.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректеріне сүйенсек, дүниежүзінде электромобильдерге арналған аккумулятордың жартысынан көбі Қытайда өндіріледі. Оның ішінде тек CATL компаниясының өзі әлемдік өндірістің үштен біріне ие. Ал, АҚШ президенті Дональд Трамптың еуропалық көліктерге 25% баж салығын енгізуі жығылғанға жұдырық болды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, мұндай кедергілер Еуропаның көлік нарығындағы үлесін одан әрі әлсірете түседі.
Авторы: Зайнұр Байжігіт