Әлемде ет қымбаттады
Жаһандық инфляция кейінгі 2 жылда бәсең тартты. 2023 жылы көрсеткіш 5,7% болса, былтырғысы 4 пайыз. Сауда арқылы жарты әлемге үстемдік жүргізіп, нарықтан өз орнын сайлап алған мемлекеттердің өзінде қарыз басынан асады. Мұның ауыртпалығы тұрмысқа әсер етіп жатыр. Нарықта баға құбылып тұр. Мұның арты қайда апарып соғады? Сарапшылар не дейді?
Қазірде инфляция әсерінен әлемнің дамыған елдерінің өзінде тұрмысқа ең қажетті азық-түлік бағасынан бастап тұрғын үй, көлік тағы басқа сала бойынша бағаның шарықтауы байқалады.
Әлемде ет қымбаттады
Әлемде азық-түлік бағасы шарықтап барады. Әсіресе ет пен май өнімдері. Біріккен Ұлттар ұйымының Азық-түлік және ауыл шарушылығы ұйымы тақауда бағалар индексін жариялаған болатын. Өткен айда өсімдік майлары бағаларының индексі 169,1 пунктке жетіп, кейінгі үш жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл шілдемен салыстырғанда 7,1%-ға жоғары. Пальма майы бағасы әлемдік жоғары сұраныс пен бәсекеге қабілеттіліктің артуынан өсіп отыр дейді, сарапшылар. Соя майы бағасы Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы биожанармай өндірісіне деген сұранысқа байланысты жоғарылады. Күнбағыс майы бағасы Қара теңіз аймағынан экспорт көлемінің қысқаруына байланысты көтерілді. Ал рапс майы Еуропадағы мол өнімнің арқасында арзандады. Ал, ет бағаларының орташа индексі өткен айда 128,0 пункт болып, жаңа рекорд орнатты. Бұл шілдеден 0,6%-ға жоғары. Сиыр еті мен қой еті бағасы, әсіресе Қытай мен АҚШ тарапынан жоғары импорттық сұранысқа байланысты өсті. Ал, құс еті бағасы Бразилияның құс тұмауынан азат ел мәртебесін қайтаруына байланысты сәл көтерілді. Ал доңыз еті ұсыныстың артуына байланысты арзандады.
Қара мал етіне сұраныс жоғары
Әлемде Швейцария, Исландия, Оңтүстік Корея, Норвегия және Люксембург сиыр еті ең қымбат бес елдің қатарына енеді. Тізімде көш бастап тұрған ел – Швейцарияда бір келі еттің бағасы 44,3 АҚШ доллар. Бұл теңгемен 23 мыңдай. Сондай-ақ, Исландияда – 38,7, Оңтүстік Кореяда – 28, Норвегияда – 26,8 болса, Люксембургте 23,9 АҚШ долларына 1 келі ғана ет аласыз. Ал, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанда баға 7 доллардан сәл асады.
Ал ең арзан ет Кения (4,97), Гана (4,78), Нигерия (4,50), Уганда (12) және Пәкістанда (4,04) бір келі сиыр етін небары 2 мың теңгеге алуға болады.
Венесуэланың ұлттық валютасы құнсызданды
Инфляцияның белең алуына саяси тұрақсыздық, валюта бағамының құнсыздануы, түрі санкциялар әсер етеді. Қазірде әлем бойынша Венесуэла, Оңтүстік Судан, Зимбабве, Иран, Аргентина, Түркия, Нигерияда жағдай ушғып тұр.
Әсіресе Венесуэла талай жылдан бері экономикалық дағдарыстан еңсесін тіктей алмай келеді. Елдің ұлттық валютасы құнсызданып, нарықта өз бағасын жоғалтты. Жұрт криптовалютаға көшуді ұйғарған. Қазірде Стейлкоин қағаз ақшаның орнын алмастырған. Азық-түлік сатып алудан бастап коммуналдық қызметтер, тіпті жалақы беруге дейін осы электронды ақша айналымға енген.
Ал келер жылдарға мамандардың болжамы бұлыңғыр. Нарықта тұрақсыздық болуы мүмкін. Өйткені қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Мұның бәрі тауар тасымалын қиындатады. Салдарынан логистикалық шығындар артып, баға өсетіні түсінікті.