Сеул тұрғындары аптап ыстықтан шатыр бақтарын паналап жүр
Сеул тұрғындары аптап ыстықтан ғимараттардың шатырын паналап жүр. Төбеде жайқалған бақтарда көлеңкеде саялап, демалуға болады.
Владислав Цой, тілші:
- Бір қарағанда бұл Пукхан тауы көрінетін жай ғана саябақ сияқты. Шын мәнінде, бес қабатты ғимараттың шатырында қырыққа жуық өсімдік түрі отырғызылған.
Бақ кітапхананың шатырында орналасқан. Бірақ оның есігі бәріне ашық. 240 шаршы метр аумақты алып жатқан саябақта келушілер көгалда демалып, мәңгі жасыл өсімдіктердің сұлулығын тамашалай алады.
Чон Сон Чжин, Сеул қаласының тұрғыны:
- Кітапханаға келгенде шатырда жайқалып тұрған жасыл өсімдіктерді көрсең, көңіл-күй бірден көтеріледі. Мен бұл жерге жиі келемін. Адамдар мұнда табиғатпен қауышып, керемет ләззат сезімге бөлену үшін келеді деп ойлаймын.
«Шатыр бақтары» жобасы Сеулде 2002 жылы басталған. Биыл мұндай орындарға сұраныс тіптен артты. Себебі шілде айында шаһарда сынап бағанасы 2 апта бойы 35 градустан түспеді. Салдарынан осындай бақтарға келушілер көбейді. Қазір шаһарда жалпы аумағы 330 мың шаршы метр болатын осындай 796 нысан бар. Бұл шамамен 46 футбол алаңына тең.
Чон Чжи Юн, Сеул қаласы әкімдігі бөлім меңгерушісі:
- Мұндай бақтар мемлекеттік және жекеменшік ғимараттардың шатырларында салынады. Егер нысан Сеул әкімдігіне тиесілі болса, саябақ салуға жұмсалатын шығын толықтай қала бюджеті есебінен өтеледі. Ал егер ғимарат жекеменшік болса, шығынның 70%-і төленеді. Жұмыс басталар алдында біз ғимарат иесімен келісімшарт жасаймыз, ал аяқталғаннан кейін оны көпшілікке ашып, күтіп-ұстау ісі толықтай ғимарат иесіне жүктеледі.
«Шатыр бақтары» жыл бойы ашық болады. Жасыл желек тек келушілерге ғана емес, ғимараттарға да пайдалы. Жазда олар ішкі температураны төмендетсе, қыста жылу оқшаулау арқылы энергияны үнемдейді. Жоба келесі жылы да жалғасады. Мәңгі жасыл өсімдіктер Сеулдің тағы 6 шатырында пайда болады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян