Түркияда ат спорты дамып келеді

Анадолы ат спортына ден қойды. Түркия Ат федерациясы кедергіден секіру, конкур-комплект, эндюранс және драйвинг сияқты төрт негізгі спорт түрі бойынша маман даярлайды, деп хабарлайды 24kz.

«Қазір атпен кедергіден секіруге қызығушылық көп», - дейді мамандар. Елде осы бағытта кәсіби спортшы даярлайтын 80-нен астам клуб жұмыс істейді. Мұндай жүрісі ерекше бәйге аттары Франция, Германия және Англиядан жеткізіледі. Бір сәйгүліктің орташа бағасы 63 миллион теңге тұрады. Сондай-ақ Түрікменстанның ақалтекелері де додаға түседі. «Алайда жаттығуға арналған алаң аз, мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз», - дейді мамандар.

Ахмет Гөктүрк Гүрсой, Анкара «Ақалтеке» ат спорты клубының жетекшісі:

- Кедергіден атпен секіру спорты өткен ғасырдың 60-70 жылдардан бастап дами бастады. Қазір ел аумағындағы 80 клубтың 30-ында жарысқа қатысатын жылқылар бапталады, спортшылар дайындалады. Ал біздің клубта 273 лицензиясы бар спортшы бар, оның жетеуі ұлттық деңгейдегі маман. Біз 3,5-4 жастан бастап балаларды жылқыға үйретіп, 7 жастан бастап спортқа баулимыз. Бірақ өкініштісі, бұл салада мемлекет тарапынан нақты көмек немесе ынталандыру жоқ.