Әлемде тіс емдеу құны қанша тұрады?

Әлем бойынша тіс емдеу ең қымбат қызметтердің бірі саналады. Сарапшылардың мәліметі бойынша стоматологиялық көмек көрсетуде көш бастап тұрған ел АҚШ. Мұнда емнің орташа құны 500 доллардан асады. Екінші және үшінші орындарда Канада мен Ұлыбритания тұр.

Бұл елдердің тұрғындары орта есеппен тіс емдетуге 400 доллар жұмсайды. Стоматологиялық қызметке кететін шығынды азайту үшін батыс елдерінің тұрғындары Мексика, Түркия және Тайландқа жиі барады. Аталған елдерде сапалы стоматологиялық қызметтер қолжетімді бағада ұсынылады. Медициналық туризмді таңдаған көп науқас демалыс уақытын емделумен үйлестіріп, сапарларын тиімді өткізеді. АҚШ пен Канада азаматтары негізінен Мексиканы таңдайды.

Соңғы жылдары стоматологиялық туризмнің негізгі орталықтары ретінде Тихуана, Канкун және Мехико қалалары танылды. Мысалы, Мексикада бір тіс имплантын орнату құны шамамен 1000 доллар. Ал АҚШ-та бұл сома 6000 долларға дейін жетуі мүмкін. Түркия да стоматологиялық туризм үшін танымал бағытқа айналды. Ондағы клиникалар заманауи технологияларды қолдана отырып, кең ауқымды стоматологиялық қызметтер ұсынады. Елде бір тіс имплантациясының құны шамамен 700 доллар.

АҚШ стоматологиялық қызметтер ең қымбат мемлекеттердің бірі. Елде қарапайым тіс емдеу процедураларының орташа құны 500 доллардан басталады. Кейде 1000 долларға дейін жетеді. Медициналық сақтандыруы жоқ науқастар үшін бұл сома бірнеше есе артуы мүмкін. Қызмет бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Оған әсіресе, заманауи технологиялар мен жоғары сапалы материалдарды қолдану кіреді. Сонымен қатар тәжірибелі мамандардың қызметі қарапайым клиникалардағыдан әлдеқайда қымбатырақ болады. Ең көп қаржыны қажет ететін процедуралар қатарына имплантация, протездеу және тіс ағарту қызметтері жатады. 

Канадада стоматологиялық қызметтердің орташа құны шамамен 400 доллардан басталады. Бұл елде тіс емдеу негізінен жеке клиникаларда жүргізіледі. Кейбір әлеуметтік топтарға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Олар стоматологиялық қызметке кеткен шығындарды азайтуға бағытталған. Нақты айтқанда, жылдық табысы 90 мың долларға дейінгі отбасылар осы жеңілдіктерді пайдалана алады. Сонымен қатар, стоматологиялық оқу мекемелері мен қоғамдық медициналық орындарда қызмет бағасы  айтарлықтай төмен.

Авторы: Динара Орынтай