Жыл сайын 62 млн тонна электронды қалдық шығарылады
Әлемде жыл сайын 62 миллион тонна электронды техника жарамсыз болып қалады. Оның тек 25%-ы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына жиналады. БҰҰ дерегі бойынша 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 20 миллион тоннаға артуы мүмкін. Электронды қалдықтың көп бөлігі Азия елдеріне, әсіресе Қытайға тиесілі. Бұлар – ноутбук, смартфон, теледидар және тұрмыстық техника.
Ғалымдардың айтуынша, жарамсыз техника қайта өңделмесе, климаттың өзгеруіне әсер етеді. Ондағы ауыр металдар мен химиялық заттар топыраққа және жер асты суларына сіңіп, қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян келтіреді. Бұл заттар жүйке, ас қорыту және иммундық жүйеге, сондай-ақ өкпе, бүйрек, тері мен көзге зиян.
Натали Лавери, эколог:
- Күнделікті қолданатын технологиялар қоршаған ортаға зиян келтіреді. Электронды құрылғыларды жасау және жою кезінде химиялық зиянды заттар бөлінеді. Ал цифрлық құрылғылар энергияны көп тұтынып, атмосферада көмірқышқыл газын көбейтеді. Бұл мәселені шешуде басты жауапкершілік компанияларға жүктелген. Бірақ біз де құрылғыларды ақылмен таңдап, дұрыс утилизациялау арқылы табиғатты қорғауға өз үлесімізді қоса аламыз.