Анкара төрінде түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен өнері ұлықталды

Түркі әлемі музыка және би ансамблі жаңа маусымын ашты. 

Өнер ұжымы бауырлас елдердің ұлттық мәдениетін ұлықтап, көрерменге әуезді ән мен әсем биден шашу шашты. Кеште қазақтың қара домбырасы да күмбірлеп, шараның шырайын кіргізді. 

Бұл – түркі халықтарының өнері тоғысқан ортақ сахна. Мұнда әр ұлттың рухани болмысын танытатын әуезді әндер мен жүрекке жетер туындылар орындалады. Міне, қазір жаңа маусым шымылдығы қазақтың көне дәуірден жеткен әйгілі «Ататолғау» күйімен түрілді.

Ансамбль түркі халықтарының ұлттық аспабын меңгерген музыканттар мен ән-биін нақышына келтіре орындап жүрген өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырған. Сондай-ақ ұжымда сым қобызда ойнайтын жалғыз қазақ өнер көрсетеді. Ләззат Мүләзімоғлұ ширек ғасырдан бері түркі жұртына ортақ мұраны  насихаттап, қазақтың қоңыр әуенін күллі түрік әлеміне паш етіп жүр.

Ләззат Мүләзімоғлұ, Ансамбль мүшесі, қобызшы:

- Ансамбль құрылғаннан бері осында жұмыс істеп келе жатырмын. Ең басында біздің құрамымыз аз болатын. Кейіннен көбейді. Осы құрамның ішіндегі жалғыз қазақпын. Өзім оркестрға келгеннен бері жетекшілерімен бірге қазақ музыкасын, ән-биін, күйін, өнерін дәріптеп келе жатырмыз.

Шарада қазақ күйінен бөлек, түрікмен биі, қырғыздың қомуз сазы мен өзбек, ұйғыр, башқұрттың әуезді әні шырқалды. Түркі әлемінің әуезі бір сахнада тоғысып, мәдени әрі рухани ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті.

Джем Гүрдал, Ансамбльдің көркемдік жетекшісі:

- Қазақстан –  түркі елдерінің бірі. Мәдени тұрғыдан өте бай халық. Біз әр концертімізде қазақша ән немесе аспаптық шығарма орындаймыз. Мысалы, бүгін шарамызды Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ата толғау» шығармасымен бастадық. Ансамбльде қобыздан бөлек, домбыра, асатаяқ, тай-тұяқ  сынды  ерекше ұлттық аспаптар бар.

Анкара төрінде өткен кеш түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен өнерін ұлықтады. Түркілік рухты асқақтатып, бауырлас елдердің достығын тағы бір мәрте паш етті.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева