NASA ғарыштағы қоқысты тұрақты бақылап отыр
Ғарыштағы қалдықтар бүгінде халықаралық қауымдастықты алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі.
Орбитада жиналған қалдықтар адамдардың қауіпсіздігіне ғана емес, ғарыш станциялары сынды стратегиялық нысандардың жұмысына да тікелей қатер төндіреді. Осы орайда NASA мамандары ғарыштағы қоқысты тұрақты бақылап, оның мөлшерін азайту бағытында шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып дабыл қағуда.
Жапония ғарыш кеңістігін қоқыстан тазарту бағытында жаңа қадам жасады. Kyodo агенттігінің хабарлауынша, ел үкіметі орбитадағы мыңдаған ғарыш қалдықтарын жүйелі түрде тіркеу және олардың нақты иесін анықтау жөніндегі заң жобасын әзірлеуде. Құжат келер жылдың наурыз айына дейін қабылданады деп жоспарлануда.
Бұл мәселе Австралия үшін де өзекті. Ел аумағына ғарыш қалдықтарының құлау ықтималдығы артып отыр. Мұндай қауіп Starlink жобасы бойынша соңғы уақытта орбитаға шығарылған жаңа спутниктермен байланысты. Мәселен, 21 қыркүйекте, бір тәулікте қосымша 28 спутник ұшырылған.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап SpaceX компаниясы шамамен 10 мың интернет-спутникті орбитаға жіберді. Олардың бір бөлігі істен шыққанымен, қазірде 8 мыңнан астамы жұмыс істеп тұр. Мұндағы Starlink жобасының мақсаты – әлемнің кез келген аймағында тұрақты интернетпен қамтамасыз ету. Бұл қызмет қазір 100-ден астам елде, оның ішінде Қазақстанда да қолжетімді.
Осы орайда Польша ғарыш агенттігі мен Батыс Австралия университеті орбитадағы ғарыш қалдықтарын заманауи технологиялар арқылы бақылау мақсатында бірлескен жоба бастады. Ғалымдардың пікірінше, мұндай мониторинг өте маңызды. Себебі ғарыштағы қалдықтар аппараттардың қалыпты жұмыс істеуіне зор қауіп төндіруде.