Димаштың жанкүйерлері Нью-Йоркте жиналды
АҚШ-тағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері әйгілі әншінің концертін асыға күтіп жүр. Олар Нью-Йорктегі Times Square алаңында бас қосып, кештің аңдатпасын - алып экрандардан көрсетті. «Нью-Йорк Димашты жақсы көреді» деген футболка киіп, оның суреттері бар постерлерді таратты.
Ән әйтіп, би биледі. Димаш Құдайберген ТМД елдері әншілерінің ішінде бірінші болып Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетеді. Бұл жерде кезінде Майкл Джексон, Битлз, Элвис Пресли, Мадонна сынды жұлдыздар ән шырқаған.
Норико Брунел, Димаштың жанкүйері:
- «Мэдисон Сквер Гарден» сахнасы Димаштың арманы екенін жақсы білеміз. Бұған дейін «Барклей» аренасында өнер көрсеткен. Ол да жақсы орын, бірақ «Мэдисон» сахнасында өнер көрсетуді әлемнің барлық өнерпаздары қалайды. Осылайша Димаштың да, біздің де арманымыз орындалғалы жатыр.
Арай Раздатқызы, Димаштың жанкүйері:
- Димаштың концертін күткелі қанша жыл болды?! Міне 2019 жылы келгенде Аэродромға дейін барып күтіп алғанбыз. Осы топта бәріміз бар. Одан бері бес-алты жыл болды. Өте сағынышпен күтіп отырмыз. Осы Нью-Йоркке қайта келіп концерт береді деген сәттен бастап, тебіренген көңіл-күйімізді баса алмай, Димаштың концерті туралы талай іс-шара жасап жатырмыз.