Әлемде алюминий тапшылығы басталды

Бір кездері аяққа оратылып, көрінген жерде жататын аллюминий қазір қат.

Қажет болса ақшаңды шытырлатып санап бересің. Тіпті бұл элемент жыл сайын қымбаттап барады. Өйткені сұраныс көп. Ірі өндірушілер болса жер ананың қойны-нан алатынын алып, сарқып тауысқан. Оның үстіне экологиялық талаптар қатайды.

Енді әлемде осы алюминий нарығы қалай құбылуы мүмкін?  

Әлемдік нарықта алюминий көп жылдар бойы молынан өндіріліп келді. Алайда бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Сарапшылар әмбебап әрі стратегиялық маңызы зор алюминий кейінгі жиырма жылдағы ең ірі тапшылыққа жақындағанын айтады. Бұл ең алдымен металлға деген сұраныстың күрт өсуінен туындап отыр.

Марк Смайт, автомобиль журналисі:

«Кейінгі жылдары алюминий автомобиль өндірісінде кеңінен пайдаланыла бастады. Бұл алғаш рет 1970 жылдары қолданылған металл. Алайда уақыт өте келе, әсіресе төмен шығарындылары бар аймақтардың пайда болуымен және электр көліктердің дамуына байланысты, жеңіл әрі берік материалдарға сұраныс артты. Сол себепті алюминийдің маңызы күрт өсті. Ол болаттан әлдеқайда жеңіл. Кей жағдайда тіпті шыдамды. Қазіргі таңда алюминий көліктің көптеген бөлшектерінде қолданылады. Мысалы, дөңгелектердің шамамен 20 пайызы осы металдан жасалады. Сондай-ақ ол қозғалтқыштарда және кузов панельдерінде қолданылады. Сондықтан алюминий бүгінде автомобиль индустриясының маңызды бөлігіне айналды». 

Бүгінде Қытай алюминий өндірісінде жетекші орынға ие. Әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 60 пайыз. Алайда елдің өндірістік қуаты 98 пайызға жетіп, әрі қарайғы өсімге мүмкіндік азайды. Оның үстіне Бейжің жылдық лимитті 45 миллион тонна деңгейінде ұстап отыр. Мамандардың айтуы бойынша, бұның салдарынан 2025 жылдың соңына қарай Қытайдың әлемдік жеткізілімдері 8 пайызға дейін қысқаруы ықтимал. Дегенмен сарапшылар басты үмітті Индонезияға артып отыр. Бұл елде қытайлық инвестиция есебінен жаңа өндіріс орындары салынып жатыр. Болжам бойынша, алдағы 5 жылда бұл жобалар елдегі алюминий өндірісін тағы 7 миллион тоннаға көбейтеді.

Макс Лейтон, Citigroup компаниясының шикізат нарығын зерттеу бөлімінің басшысы:

- Қытай жиырма жыл бойы алюминий өндірісін көбейтіп, осы нарықтағы бағаға ықпал етіп келді. Енді ол шегіне жетті. Дегенмен, бұл металл түрлі түрлі салаларда таптырмас шикізат саналады. Оның маңыздылығы соншалықты, тіпті бір ғана адам бейнесіндегі роботты құрастыру үшін 25 келі алюминий жұмсалады. 

Сарапшылардың айтуынша, алюминий тапшылығы алдағы жылдары әлемдік нарықтағы негізгі сын-қатерлердің біріне айналмақ. Қолданысы күннен күнге кеңейіп келе жатқан бұл металлға сұраныс өссе де өндіріс көлемі баяулап отыр. Электромобильдер, күн панельдері мен жеңіл құрылыс материалдары онсыз мүмкін емес. Бүгінде алюминийдің тоннасы 2 700 доллар шамасында бағаланса, келер жылға қарай оның құны 3 мың долларға жетуі мүмкін. 

Динара Орынтай