Әлемде өлім-жітім бойынша сүт безі обыры алдыңғы қатарда тұр
Қазан айы бойы елде сүт безі обырының алдын алу айлығы өтеді.
Дәрігерлер тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп, кеңес береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2050 жылы сүт безі обырынан өлім көрсеткіші 68%-ға артады деп мәлімдеді.
Осыған байланысты әлем ғалымдары дертпен күресте жаңа әдістерді ұсынып отыр. Сынақтан өтіп, қолданысқа енгендері де бар.
Сүт безі обырын емдеудің тың тәсілдері
Әлемде өлім-жітім бойынша сүт безі обыры алдыңғы қатарда. Жаһанның түкпір-түкпіріндегі онколог мамандар қатерлі дерттің алдын-алу мен емдеудің тың тәсілдерін іздеп жатыр. АҚШ-та кейінгі жылдары ісіктің дамуын тежейтін бірқатар жаңа препараттар мақұлданды. Иммунотерапия да дамып келеді. Бұл адамның иммундық жүйесін сырқатпен өздігінен күресуге бейімдеу әдісі. Америкалық ғалымдар иммунотерапия әдісін зерттеуді 2006 жылы бастаған. Сынақтан өткізу ұзақ уақыт алғанымен бүгінде адамзат оның жемісін көруде. «Кейтруда» деген атаумен тіркелген екпе дүниежүзі бойынша шипа іздегендерге ем болып отыр.
ЖАПОНИЯ
Ал Жапония дәрігерлері сүт безі обырын емдеуде омырауды барынша сақтап қалудың жолдарын қарастырады. Әлемдік тәжірибеде мамандар көбіне мастэктомия отасын жасау арқылы ісікті жоюға тырысады. Ал жапондық ғалымдар әйелдің өмір сапасын сақтап қалуға басымдық береді. Емдеу әдісі нәсілдік ерекшелікке қарай өзгеретінін де жапондықтар анықтаған. Бүгінде жаңадан шыққан дәрілердің басым бөлігі Токио, Осака, Нагоя қалаларында сынақтан өтуде.
Еуропада қатерлі ісікті емдеу үшін жасанды зерде қолданылады. ЖИ маммографиядағы кейде көзге көрінбейтін өзгерістерді анықтап, ісікті ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Швецияда жүргізілген сынақта ЖИ қолдану арқылы обырды анықтау көрсеткіші 20%-ға артқан. Ал Германия мен Францияда нейрожүйе пациенттің генетикалық, клиникалық және өмір салты деректерін талдап, ағза емнің қай түрін жақсы қабылдайтынын болжауға көмектеседі.
ҮНДІСТАН
Үндістан билігі басты назарды халыққа қолжетімділікке аударып отыр. Елде ірі қалалармен қатар шалғай аймақтарға да жаңа 3D форматтағы радиациясы төмен маммография аппараттары орнатылған. Бұл технология дертті уақытылы анықтап, скринингті қоғамның барлық топтарына қолжетімді етеді.
Әйгерім Ардаққызы