NASA гелиосфераны зерттеуге кірісті
NASA гелиосфераны зерттеу бойынша жаңа миссияға кірісті.
Бұл ғалымдарға «күн желі» деп аталатын құбылыс туралы ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Ал зерттеушілердің тағы бір тобы адам өмір сүруге болатын ғаламшар барын анықтады.
Биыл қыркүйек айының соңында NASA гелиосфераны зерттеу бойынша жаңа жобаны қолға алды. Бұл Күн жүйесін қоршап тұрған магнитті аймақ. Миссияға дайындық Флорида штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығында жүргізіліп жатыр. Құрылғыны ғарышқа SpaceX компаниясының зымыраны жеткізеді. Ол бөлшектерді талдап, гелиосфера шекараларын бақылаумен айналысады. Ғалымдар осы арқылы Күн тәжі туралы жаңа мәліметтер алуға ниетті. Ол ғарышкерлер мен технологиялық жүйелерге әсер етеді деген болжам бар.
Энцелад ғаламшарын зерттеу кеңейеді
Ғалымдар Сатурнның алтыншы ірі серігі Энцеладтың мұзды гейзерлерінен жаңа органикалық заттарды анықтады. Бұл ғаламшарда кейбір молекулалар бұрын-соңды байқалмаған. Ол жергілікті мұхит әлемінде өмір сүруге қолайлы жағдай болуы мүмкін екенін көрсетеді дейді мамандар. Қорытындылар NASA-ның 2008 жылы алынған бақылауларына негізделген. Еуропалық ғарыш агенттігі де Энцеладта зерттеу жүргізу жоспарын әзірлеп жатыр. Ол жаңа орбиталық құрылғы мен зерттеу әдістерін қамтиды. Миссия шамамен 2042 жылға жоспарланып отыр.
Күн жүйесінен тыс 6 мың ғаламшар бар
NASA ғалымдары Күн жүйесінен тыс 6000-ға жуық ғаламшар тапты. Бұған James Webb ғарыш телескопы мен басқа спутниктердің бірлескен жұмысының арқасында қол жеткізілді. Зерттеушілер енді экзопланеталардың шығу тегі мен даму жолдарын және олардың өмір сүру мүмкіндігін зерттеуді жоспарлап отыр. Агенттіктің мәліметінше, алдағы 6 жылда тіркелген аспан денелерінің саны 100 мыңға дейін жетуі ықтимал.
SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесінің кезекті сынағын жүргізуге әзірленіп жатыр. Оны ұшыру 13 қазанда Техастағы ғарыш айлағынан жүзеге асырылмақ. Бұл рейс экипажсыз өтеді. Starship кемесі қосымша жүк жеткізеді. Бұл компания үшін 11-ұшу болады. Ал алдыңғы үш сынақ сәтсіз аяқталған еді. Онда басқару кезінде қындықтар туындап, зымырандар жарылып кеткен.
Нұрбике Жігер, Райхан Серикова, Асель Абдыкалыкова