Лондон Димашты қарсы алды
Қазақстанның Халық артисі Димаш Құдайбергенді Лондон құшақ жая қарсы алды.
Stranger деп аталатын концертінің қарсаңында ондаған жанкүйер әуежайға жиналып, сүйікті әншісіне қошемет көрсетті. Олар уақыт айырмашылығы мен мыңдаған шақырымға қарамастан Ұлыбритания астанасына арнайы ат басын бұрған.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бірнеше күн бұрын Димаштың концерті Барселонада аншлагпен өткені белгілі. Ендігі кезек Лондонда. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жүзден астам жанкүйер Хитроу әуежайында бірнеше сағаттан бері Испаниядан келетін рейсті асыға күтуде. Диерстардың қолдарында Қазақстанның және өз елдерінің тулары, жүздерінде қуаныш.
Жанкүйерлер сүйікті әншісін ерекше қарсы алу үшін әдептен озбай, тізіліп тұрды. Өйткені тәжірибелері мол. Олар өздерінің еңбек демалыстары туралы ұмытуы мүмкін, бірақ Димаштың концерт кестесін жатқа біледі. Мехико, Барселона, Астана - диарстар барлық жерде болған. Олар үшін Stranger жай ғана шоу емес, шабыт сыйлайтын өнер кеші болмақ.
Люпита Лопес, Димаштың жанкүйері /Мексика/:
- Біз Димашты жақсы көреміз. Оның өнерін қолдау үшін әлемнің арғы бұрышынан ұшып келдік. Мексикадағы екі концерті де керемет өтті, тағы келсе екен деп тілейміз.
Кристина Брейн, Димаштың жанкүйері /Ұлыбритания/:
- Бұл жолы Димаштың жетінші концертін көргелі отырмын. Әдеттегідей ерекше өтетініне сенімдімін. Ол ғажап талант иесі ғана емес, жүрегі таза, мейірімді жан.
Әуежай терминалы есігінен таныс бейне көрінген сәтте жиналғандардың жаны жадырап кетті — Димаш күлімсіреп кіріп келді, чемоданын өзі сүйретіп жүр. Жанкүйерлерімен суретке түсіп, қолтаңба қалдырып жатыр. Тіпті біреудің жерге құлаған сөмкесін көтеруге көмектесті. Оның басты ерекшеліктерінің бірі де сол атаққа мас болмаған, қарапайымдылық пен адалдықты серік еткен.
Қанат Айтбаев, продюсер:
- Stranger бағдарламасы Қазақстанда бастау алған. Шамалы толықтырулар бар. Келесі жылы амандық болса енді жаңа бағдарлама басталады. Димаштың әр концерті бір бағдарлама болғанымен бірінен бірі ұқсамайды деп ойлаймын. Әр концерттің энериясы әртүрлі болады.
Димаш Лондон сахнасына соңғы рет жеті жыл бұрын шыққан еді. Ол кезде концертке үш мыңнан астам адам жиналды. Ал бұл жолы ауқым әлдеқайда кең. Әнші 12 қараша күні 12 мың көрерменге арналған OVO Arena Wembley залында өнер көрсетеді. Жанкүйерлер саны артқанымен атмосфера баяғыдай жылы, ал кеш өте әсерлі болады деген сенім мол.
Ғалымжан Қараманұлы