Әлемнің қай елдерінде тұрғын үй саясаты халыққа қолайлы?
Тұрғын үй нарығында мемлекеттердің ұстанатын саясаты әрқилы.
Бір елде ипотекалық мөлшерлеме төмендетілсе, енді бірінде арнайы жинақ шоттары қолданылады. Бұл тетіктер азаматтардың баспана алу мүмкіндігіне қалай әсер етеді?
АҚШ-та қолжетімді тұрғын үйге арналған бірнеше деңгейлі жүйе қолданылады. Ең ірісі федералдық бағдарлама. Мұнда бастапқы жарна 3,5% шамасында белгіленген. Бұл америкалық нарық үшін төмен көрсеткіш саналады. Бағдарлама қарыз алушының табысы мен несие тарихына қатаң талап қоймайды. Сондай-ақ елдің ауылдық өңірлерінде ипотеканы 0% мөлшерлемемен рәсімдеуге болады. Бұл шағын қалаларды дамытуға бағытталған шара. Жыл сайын мұндай мүмкіндікті ондаған мың тұрғын пайдаланады.
Германия
Германияда тұрғын үйге қатысты арнайы мемлекеттік жинақ бағдарламасы жұмыс істейді. Азаматтар 5-7 жыл бойы жеңілдетілген шотқа ай сайын белгіленген мөлшерде қаражат салып отырады. Осы кезеңде мемлекет есепшотқа қосымша сыйақы береді. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Жиналған қаражат жалпы соманың шамамен жартысына жеткенде, қалған бөлігі алдын ала бекітілген тұрақты пайызбен несие ретінде беріледі. Бағдарлама әсіресе жас отбасыларға баспана сатып алуды жеңілдетеді.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда тұрғын үйге қол жеткізудің өзіндік тәсілі бар. Building Societies деп аталатын кооперативтік ұйымдар тұрғындарға жинақ шоттарын ұсынатын жүйе қалыптастырған. Қатысушылар ай сайын белгіленген соманы жинайды. Ал шоттағы қаржыға жыл сайын пайыз қосылады. Кейін осы жинақтың негізінде ұйым мүшелеріне орташа пайыздық мөлшерлемемен ипотека беріледі. Бұл үлгі елде ұзақ жылдардан бері қолданылып келеді.