АҚШ Венесуэлаға тиесілі мұнай танкерін тәркіледі

АҚШ Венесуэла жағалауындағы ірі мұнай танкерін тәркіледі.

Мұны Дональд Трамп Ақ үйде өткен брифингте ресми түрде растады. Венесуэла билігі де мәлімдеме жасап, Ақ үй басшысын айыптады. Саяси текетірестен кейін екі ел арасындағы жағдай ушыға түсті. Әрине ол мұнай бағасына да әсер етті. Қара алтын құны лезде қымбаттады. Іле-шала Венесуэла ОПЕК-ке шағым түсірді.

АҚШ пен Венесуэла арасында дау ушықты 

Трамп әкімшілігі танкердегі жүктерді ресми түрде тәркілеу үшін сот ісін бастауға дайын. АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди Қорғаныс министрлігінің қолдауымен танкерді тұтқындау ордеріне қол қойылғанын хабарлады. Оның пікіріне сүйенсек, танкер бірнеше жыл бойы санкцияға іліккен. Бірақ АҚШ-тың шектеуіне қарамастан Венесуэла мұнайды жасырын түрде Иранға жеткізіп отырған. Алайда Американың мұнайды ашық түрде тәркілеуі Каракас пен Вашингтон арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Өйткені Трамп президент Николас Мадуроны қызметінен кетуін талап етті. Әйтпесе аймақта әскери күш қолданатынын ашық түрде мәлімдеді. Ол танкерді тәркілеуге маңызды себеп бар деді. Бірақ бүге-шегесіне дейін айтпады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Естіген боларсыз, біз Венесуэла жағалауында танкерді басып алдық. Бұл үлкен, шын мәнінде біз тәркілеген өте үлкен, ең үлкен танкер. 

Венесуэла бұл әрекетті қатаң айыптады. Елдің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде мұны "арсыз тонау және халықаралық қарақшылық көрінісі" деп сипататтаған.  

ЦИТАТА

- Венесуэлаға қарсы жүріп жатқан агрессияның шынайы себептері қазір айқындала бастады. Мәселе көші-қонға, есірткі саудасына, демократияға байланысты емес. Адам құқықтарына да қатысы жоқ. Мәселенің түп төркіні біздің табиғи ресурстарымыз, мұнайымыз, энергетикамызға қатысы болып тұр. Бұл тек Венесуэла халқына тиесілі ресурстар.

ВЕНЕСУЭЛА СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

ВЕНЕСУЭЛА ОПЕК ЕЛДЕРІНЕ ШАҒЫМ ТҮСІРДІ 

Венесуэла да қол қусырып қалған жоқ. АҚШ-тың әрекетіне қатысты Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына шағым түсірді. Әскердің көмегімен өзінің мұнайын тартып алмақ болды деп айыптады. Дональд Трамптың 2020 жылдан бері Венесуэлаға қарсы қудалау мен қорқыту шараларын қабылдап жатқаны, оның аймақтық және халықаралық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақтылыққа қатер төндіретіні жөнінде жазылған. Қазір АҚШ Кариб теңізі аймағына 14 әскери кеме және 15 000 сарбазды орналастырған. Ал бұған дейін Кариб және Тынық мұхитында есірткі тасымалдаған кемелерге 22 соққы жасап, 87 адам қаза тапқан еді. Сарапшылар бұл соққыларды заңсыз шабуылдар деп атады. Бірақ Ақ үй әкмшілігі мұны есірткіге қарсы әрекеттердің жолын кесу үшін жасалған қадам деп өздерін ақтап алды.      

Мұнай бағасы қымбаттады 

Екі ел арасындағы жағдай шиеленіскеннен кейін қара алтын бағасы көтерілді. Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,4% артып, 27 центке қымбаттап, бір баррелдің құны  62,21 долларға дейін жетті. West Texas Intermediate маркалы мұнай фьючерстері де 0,4% өсіп, 21 центке көтерілді, бір баррелі 58,46 доллардан саудаланып жатыр. 

Brent  + 0,4% - $62,21

West Texas Intermediate + 0,4% - $58,46 

Сарапшылар осыдан кейін Венесуэланың экспорты да шатқаяқтап қалуы мүмкін дейді. Өйткені бұл әлемдегі ең ірі мұнай танкерлерінің бірі. Осыдан 20 жыл бұрын құрастырылған. Өткен айда Венесуэла тәулігіне 900 мың баррельден астам мұнай экспорттаған. Бұл жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Әрине Трамп әкімшілігі Николас Мадуроның режиміне қатысты қысымды күшейтіп жатқаны белгілі, бірақ бұған дейін Венесуэланың мұнай тасымалына тікелей араласпаған еді. Венесуэла қара алтын саудалап, мол пайдаға кеңелді деп те айта алмаймыз. Нарықтағы бәсекенің күшеюіне байланысты  Қытайға мұнайды үлкен жеңілдікпен ұсынуға мәжбүр.