Әлем елдері әлеуметтік желіні шектеп жатыр
Әлем елдері балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желіні шектей бастады. Мұндай заң алғаш рет Австралияда күшіне енді.
Францияда аталған тыйым Сенат қарауында жатыр. Дания да жас ұрпақты интернеттен алыстатуды көздейді. Ұлыбритания мен Үндістан да жеткіншектерді кибербуллинг, алаяқтық пен қауіпсіз контенттен сақтау мақсатында ғаламторға шектеу енгізуді қолға алды.
16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін әлеуметтік желіге әлемде алғаш рет Австралия тыйым салды. Елде жаңа ережелер былтыр желтоқсан айында күшіне енді. Шектеу Facebook, Instagram, TikTok, YouTube сияқты бірқатар танымал палтформаларға енгізілді. Енді желі қолданушының жасын растау үшін оның ID-картасы және бет-жүзі мен даусы тексеріледі. Заң күшіне енгелі 5 миллионнан астам жасөспірімнің аккаунты бұғатталып, жабылды. Талаптарды бұзғаны үшін платформалар 35 млн АҚШ долларына дейін айыппұл арқалайды. Ал балалар мен ата-аналар үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Франция балалардың интернет-платформаларға қолжетімділігін шектейтін әлемде Австралиядан кейінгі екінші мемлекет болғалы тұр. Елде 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасы төменгі палата, яғни Ұлттық ассамблея тарапынан қолдау тапты. Бұл елде бүгінде әр екінші жасөспірім күніне смартфонға 2-5 сағат жұмсайды. Ұсынылған заң жобасын Сенат мақұлдаса, биыл 1 қыркүйектен бастап Францияда 15 жасқа толмаған жасөспірімдер онлайн-энциклопедиялар мен білім беру ресурстарынан басқа барлық әлеуметтік желілерге тіркеле алмайды.
Испания 16 жасқа дейінгі жеткіншектердің әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салмақ. Бастаманы келер апта министрлер кеңесі мақұлдайды деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде платформалар қолданушылардың жасын анықтайтын тиімді тетіктерді енгізуге міндеттеледі. Мемлекет кәмелетке толмағандардың ғана емес, жалпы халықтың цифрлық қауіпсіздігіне баса мән беріп жатыр. Сол себепті заңсыз әрі қауіпті контенттің таралуын қатаң қадағалауға көшті.
Дания да жасөспірімдердің интернетті қолдану мүмкіндігін шектеуге тырысып жатыр. Елдегі саяси партиялар арнаулы келісім-шарт жасады. Құжатта 15 жасқа дейінгі жеткіншектердің әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қою талабы көрсетілген. Алайда 13 жастан бастап балалар ата-аналарының қадағалауымен белгілі бір ресурстарға қол жеткізе алады. Жергілікті сарапшылар көп уақыт ғаламторда отырған балалардың ұйқысы бұзылып, оқуға ынтасы төмендегенін айтады. Бұдан да қауіптісі – олар онлайн буллингке ұшырауы мүмкін. Билік аталған жобаны әзірлеуге 21 миллион еуро бөлді. Ал заңға бағынбаған платформалар әлемдік айналымының 6%-ына дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Авторы: Мөлдір Жақан