Қытай электркөліктерге талапты күшейтті

Қытай электркөліктерге деген талапты едәуір күшейтті. Бұған таяуда көліктің жолдан шығып кетіп, қапталға соғылуы себеп болған.

Жүргізуші сыртқа шығып үлгергенмен, артындағы жолаушылар көліктің ішінде қалып қойған. 

Мұндай көліктердің есіктері автоматты түрде бекітіліп қалады. Ал көліктің өзі демде өртене бастаған. Абырой болғанда өзге адамдар көмеккке келіп, көліктің терезесін сындырып іштегі жолаушыларды құтқарды. Алайда осыдан кейін электр көліктерінің қаншалықты қауіпті екені анық болды. 

Жалпы былтыр әлемде 20,7 миллион электр көлігі сатылды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Алайда жаңа айттық, бұл көліктерден келер қауіп көбейген. Әлемдік нарықты өзінің тоқпен жүретін темір тұлпарымен жаулаған Қытай енді жаңа стандарттар енгізіп жатыр. Америкалық Tesla да кейінгі уақытта жиі сынға ілігіп жүр. Халықаралық шолушымыз Фариза Жанғанаеваны тыңдайық. 

Қытайдың көпшілікті сәнді дизайнымен қызықтыратын электр көліктеріне қатысты талап күшейеді. Xiaomi компаниясына тиесілі «Xiaomi SU7» электр көлігімен байланысты екі өрт оқиғасы көлікке қатысты жаңа стандарттар енгізуге түрткі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, көліктерде электр қуаты өшкеннен кейін есіктер ашылмай қалған. 

Соның салдарынан жолаушылар өз бетімен сыртқа шыға алмай, сырттан көмек көрсету де мүмкін болмаған. Осы жағдайдан кейін, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі жаңа қауіпсіздік стандарттарын бекітті. Құжатқа сәйкес Қытай аумағында сатылатын барлық автокөлік механикалық түрде ашылатын сыртқы есік тұтқаларымен жабдықталуға тиіс. Бұл талап электр көліктерінде қолданылатын жасырын есік тұтқаларының іс жүзінде тыйым салынуын білдіреді. Жаңа ереже келер жылдың 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 

Жол апаты кезінде, әсіресе су тасқыны болғанда өте қауіпті. Өйткені аяқ астынан болатын мұндай оқиғада есіктердің жылдам ашылуы екіталай. Оның үстіне жасырын тұтқалар қарт адамдар мен балаларға да қолайсыз. Әрі мұндай жағдайда есіктің қалай ашылатынын екінші адамға айтып түсіндіріп тұратындай халде болмайсың ғой. Бұл шынымен ойланатын мәселе. 

«Xiaomi SU7» көлігі былтыр Қытайда ең қауіпсіз көлік атанды

Салон ішіндегі жолаушыларды қорғау көрсеткіші – 94%. Бұл орташа көрсеткештен әлдеқайда жоғары. Алайда кейінгі оқиға көліктің қауіпті тұстары барын көрсетті. 

Электр көліктердің сапасы сын көтермей тұр 

Қытай енгізген жаңа ережелер өзге елдерге де әсер етеді. Өйткені әлемдік нарықта электр көліктерінің ең көп сатылымы осы елдің үлесінде. Былтыр 12,9 миллион көлік сатылған. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. Сондай-ақ өткен жылы баламалы энергия көздерін пайдаланатын 100 көліктің 60-ында жасырын есік тұтқалары қолданылған. Bloomberg сарапшыларының болжамы бойынша, жаңа ережелердің әсерінен табысы жақсы, жоғары сапалы көлік түрлері біраз өзгеріске ұшырауы мүмкін. Әдетте олар талғампаз, ерекше дизайнға ие. Әрбір модельге 14,4 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келуі мүмкін.

Қытай әлемдегі жаңа автокөлік технологияларын реттейтін ережелерді қалыптастырушы елге айналып келеді. Бейжің өзінің үлкен ішкі нарығын шетелдік автоөндірушілерге қауіпсіздік стандарттарын белгілеу үшін пайдалана алады. Бұл талаптар қытайлық электромобильдер экспорты артып, әлемдік нормаларға әсер етуі мүмкін. 

Электр көліктердің сапасы сын көтермей тұр 

Электр көлік нарығында Қытаймен бәсекелес Teslaның электркөліктері де кейінгі 10 жыл ішінде 15 рет жол апатына ұшыраған. Сорақысы жолаушылардың дені өлім аузынан қалған. Оқиғаға жол апатынан кейін есіктердің ашылмауы басты себеп болып отыр. Есік іштен де, сырттан да бұғатталып адамдар көлік ішінде қалған. 

Tesla көліктерінде формалды түрде апаттық ашу қарастырылғанымен, іс жүзінде жолаушылар, тіпті құтқарушылар да оны жылдам пайдалана алмайды. Дәл осы жайт соттың талап-арыздарына негіз болған. Опат болғандардың туыстары есік конструкциясы жедел эвакуацияны қамтамасыз етпейді дегенді алға тартады. Ал Tesla бұл жағдайды жүйелі мәселе деп санамайды және электромобильдер қауіпсіздік талаптарына сай келеді деп мәлімдейді. Компания өкілдерінің айтуы бойынша, есіктерді апаттық жағдайда ашу жөніндегі нұсқаулық пайдаланушыға арналған нұсқаулықта көрсетілген. 

Дегенмен әзірге мұндай қауіпті ескеріп жатқандар аз. Электр көлігі нарығы жылдан жылға қарқын алып келеді.