Жапония қарулана бастады
Күншығыс елі техника, технологияның көшбасшысы саналғанмен қаруға келгенде бейқамдау еді.
Соғыстан мәңгілікке бас тартқан Токио енді Конституциясына өзгеріс енгізуге ниетті. Тіпті Тайваньның тура іргесіндегі аралға әскер қойып, зымыран орналастырмақ. Бұл жоспарын әрі кетсе 5 жылда іске асыруға бекінген.
Жапония қарулана бастады
Токио бес қаруын сайлап жатыр. Тіпті 2031 жылға қарай Тайвань іргесінде жатқан Йонагуни аралына жаңа зымырандар жүйесін орналастырмақ. Осылайша, Жапония оңтүстіктегі әскери әлеуетін мейлінше күшейтпек. Ал Йонагуни аралы мен Тайвань арасы тиіп тұр. «Сондықтан бұған Қытай алаңдаулы. Десе де Токио Бейжіңмен араздасатын ойымыз жоқ», – деп отыр. Еске салайық, екі ара жапон премьер-министрі Санаэ Такаичидің былтыр қарашадағы мәлімдемесінен кейін шиеленісті. Сол кезде жапон үкімет басшысы: «Токио Тайваньға қатысты Қытайдың шабуылына жауап беруі мүмкін», - деген еді. Тақауда Бейжің Жапонияны БҰҰ мінберінен қатаң айыптап, қажет болса, күш сынасуға дайын екенін жеткізді.
Фу Цун, Қытайдың БҰҰ-да тұрақты өкілі:
Тайвань – Қытай аумағының ажырамас бөлігі. Бұл мәселеге ешбір елдің араласуға құқығы жоқ. Мұндай мәлімдемелер Жапонияның екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген мемлекет ретіндегі міндеттемесіне қайшы келеді. Егер Жапония қандай да бір сылтаумен Тайвань мәселесіне араласса, бұл Қытайға қарсы басқыншылық әрекет ретінде бағаланады.
Қытай билігі Тайваньды өз аумағы деп санайды. Әлемде небәрі 15 ел аралдың тәуелсіздігін мойындаған. Ал олардың қатарында ықпалы бар бірде-бір мемлекет жоқ. Тіпті арал билігінің қолтығына су бүркіп отырған, АҚШ та Тайваньның егемендігін қабылдаған емес.
Жапония қаруланып жатыр
Кейінгі 80 жылда бейбітшілікті ту еткен Жапония Конституциясын өзгертпек.
Екінші дүниежүзілік соғыста тізе бүккен Токиоға армия құруға шектеу қойылған. Елде тек өзін өзі қорғау мақсатында қорғаныс күштері бар. Қазіргі үкімет бұл бапқа өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
Санаэ Такаичи, Жапония премьер-министрі:
- Біз сайлау кезінде халыққа белгілі бір уәделер бердік. Соның ішінде Конституцияны өзгерту де бар. Енді біз сол сөзімізде тұруымыз керек. Сондықтан бұл мәселелерді кейінге қалдырмай, нақты іске асыруға кірісеміз.
Дәл қазір Такаичи саясатына жапон халқының көңілі тоғайып отыр. Таяуда ғана қызметіне кіріскен премьер-министрдің партиясы парламенттік сайлауда да жеңіске жетті. Сарапшылар: «Қазіргі жапон үкімет басшысы үшін Конституцияға өзгеріс енгізуге еш кедергі жоқ», - деп санайды.
Жыл аяғына дейін Токио жаңа ұлттық қауіпсіздік жоспарын қабылдамақ. Яғни әскерге бөлетін қаржысын көбейтеді. Оның мөлшерін жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына дейін жеткіземіз деп отыр. Бұдан соң қару-жарақты шетелге сатуға қойылған шектеулерді жоюға ниетті. Өзге мемлекеттермен бірге әскери техника шығаратын ойы да бар.
Канако Такаяма, Киото университетінің профессоры:
- Қазір Жапонияда әскерге көп көңіл бөліне бастады. Бұл жағдай көрші елдерді алаңдатуы мүмкін. Бұрын Токио бейбіт бағыттағы технология, өндіріс және білім саласында өте мықты еді. Ал қазір әскери бағытқа басымдық беріп отыр. Тіпті ғылыми зерттеулердің өзінде де қорғанысқа байланысты жобалар көбейіп келеді. Ал өндірістік технология мен білімге негізделген зерттеулерге бөлінетін қаржы жылдан жылға азайып барады.
Қытай Жапониядан қауіптене бастады ма, әйтеуір күншығыс елінің әскери әлеуетін нығайтуға пайдаланылуы мүмкін тауар түрлерін экспорттауға тыйым салды. Біріккен Ұлттар Ұйымына шағым жолдап қана қоймай, Токио мен Сеул қатысатын үшжақты саммитті кейінге қалдырды. Бұдан соң Жапонияға 49 бағытта ұшатын рейсті тоқтатты. Ал ресми мәлімет бойынша, Күн Шығыс еліне баратын шетелдік туристердің төрттен бірі бұл – қытайлықтар.
Бонни Лин, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы сараптамалық орталығының сарапшысы:
- Қытай белгілі бір экономикалық және әскери жауап қатты, бірақ олар бұрынғы даулармен салыстырғанда онша қатаң емес. Өйткені Қытай қазір өзін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіптің «қорғаушысы» ретінде көрсеткісі келеді. Яғни АҚШ-пен салыстырғанда өзін жауапты, сенімді держава ретінде көрсетуді көздейді. Сондықтан Жапонияға әзірге қатты қысым жасап, жағдайды тым ушықтырмайды.
Қытай жапон үкімет басшысын саяси қателік жібергенін мойындасын дейді. Алайда Санаэ Такичи айтқан сөзінен бас тартуға ниетті емес. «Таяуда парламенттік сайлауда жеңіске жеткенін ескерсек, қазіргі жапон үкімет басшысы тұсында Жапония мн Қытай арасы қайта жақсаруы екіталай», - дейді сарапшылар.