Пусанда әскери дрондар көрмесі өтіп жатыр
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Азиядағы ең ірі дрондар көрмесі ашылды. Оған әлемнің түкпір түкпірінен ондаған компания қатысып жатыр.
Көрмеге келушілерді әсіресе әскери ұшқышсыз аппарат жасаушылардың өнімдері қызықтырып отыр.
Пусандағы көрмеге 23 елдің компаниялары қатысып жатыр. Мыңнан аса стенд құрылған. Экспозицияның үштен бірі - әскери ұшқышсыз аппараттар мен оларға қарсы қорғаныс құралдары. Мұндай жабдықтарға қазір сұраныс өте жоғары. Бұрын әуеде шешуші күш ретінде жауынгерлік авиация саналса, бүгінде арзан дрондар ұрыс алаңында ұшақтарды жиі алмастырады. Шағын ұшқышсыз аппараттарды дәстүрлі әуе қорғаныс жүйелерімен жою қиын, сондықтан қазір антидрондық қондырғылар алдыңғы орынға шықты. Мысалы, мына құрылғы «дрон аулағыш» деп аталады. Ол жасанды интеллекті бар жоғары дәлдіктегі камерамен жабдықталған. 3 шақырым қашықтықтағы дронды залалсыздандыра алады.
Ли Бён Сок, Дрондар стратегиялық қауіпсіздік институтының директоры:
- Кейінгі уақытта дрондарды жасау қарқынды дамып, оларды қару ретінде қолдану үшін арзан әрі көп мөлшерде шығару мүмкіндігі туды. Сондықтан қазіргі соғыстарда оларды ойын ережесін өзгертушілер деп атауға болады. Меніңше, ұрыста адамның орнына әскери тапсырмаларды дрондар орындайтын дәуір жақындап қалды.
Кореяда дрондар әскерден бөлек, полицияға қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектеседі, сәлемдеме жеткізеді және өрт сөндіреді. Мына дрон әуеде бір сағатқа дейін бола алады, ал жылдамдығы секундына 25 метрге жетеді. Мұндай сипаттамалар өртті ең бастапқы кезеңінде оқшаулауға мүмкіндік береді.
Мынау өртті сөндіруге арналған дрон. Ол әуеге салмағы 100 келі жүкті көтере алады. Бұл шамамен арнайы ұнтақ салынған 16 шар. Әрбір шар аумағы 9 шаршы метр болатын өртті сөндіре алады. Осылай бұл дронның бір ұшып шыққанда 144 шаршы метр аумақтағы жалынды сөндіруге күші жетеді
Ха Ми Ён, Көрме орталығының бас менеджері:
- Кореяда дрон индустриясында 4-5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл сала Кореяда әлемдік трендке сай қарқынды дамып келеді. Дрондар түрлі апат кезінде адам күшін қолдану шектеулі болған жағдайларда таптырмас құрал саналады. Сондықтан бұл саланың адамзат болашағына қосатын үлесі өте зор деп есептеймін.
Дрондарды жаппай қолдануды жоспарлап отырған тағы бір сала - жолаушылар тасымалы. Оңтүстік Корея ұшқышсыз әуе таксиін тұңғыш енгізген ел болуды қалайды. Биыл қысқа қашықтықтағы алғашқы коммерциялық бағыттарды іске қосу жоспарланған. Әзірге оларда ұшқыш қолданылмақ. Ал 2035 жылдан бастап мұндай таксилерді ұшқышсыз ұшыру көзделіп отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян