Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында бірлескен жобаларды көбейтеді
Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын «Jibek joly» туристік пойызының бағыты кеңейеді.
Наурыз айынан бастап бұл бағытқа Тәжікстан да қосылатын болды. Саяхатшылар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Алматы – Түркістан – Самарқанд – Душанбе – Ташкент шаһарларын аралайды. Тур пакетіне кәсіби гидтермен экскурсиялық бағдарлама, тарихи орындарға кіру билеттері және тасымал кіреді.
Туристік жобаның маңызы ерекше, себебі Наурыз мерекесі мен қасиетті ораза айт мейрамына тұспа-тұс келеді. Пойызбен саяхатқа шығушылар Орталық Азия халықтарының мерекелік дәстүрлерімен, ұлттық әдет-ғұрпымен және мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады.
Бекзод Юсупов, Өзбекстанның туризм комитеті басқарма басшысы:
- Бір елге саяхаттаған кез келген турист әлбетте, көрші елге де барғысы келеді. Бұл өте құптарлық бастама. Әсіресе ауылы аралас жатқан бауырлас мемлекеттердің халқы бір-біріне кедергісіз саяхаттауы маңызды. Осыған жағдай жасалса, керемет болар еді.
Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы әлеуеті Орталық Азиядағы өзге елдерден көш ілгері. Саяхат бойынша ынтымақтастық алдағы уақытта арта бермек. Тау туризмімен танымал Әндіжан аймағы мен еліміздің Түркістан қаласы болашақта саланы бірлесе дамыту бойынша келісім жасауды жоспарлап отыр.
Қайыржан Қоңыршин, туризм саласының өкілі /Қазақстан/:
- Бізге, мысалы, Өзбекстаннан өте көп турист келеді. Ресми өкілдер, білім және мәдениет саласының өкілдері, оқушылар мен қарапайым тұрғындар да келеді. Біз оларға өз тарихымызды, мәдениетіміз жайлы баяндаймыз.
Өзбекстанның туризм комитеті жуырда «Түрікменстан – Хорезм – Қарақалпақстан – Қазақстан» туристік бағытын іске қоспақ. Оған қатысушылар үш елді аралайды. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен көрікті жерлерді тамашалап, халықтың ежелгі қолөнерімен, ұлттық тағамдарымен танысуға мүмкіндік алады.