Иран Араб елдерін зымыранмен атқылады

Иран АҚШ-тың әуе базалары орналасқан Араб елдеріне бірнеше толқын қарымта соққы жасады. Бұл жағдай тұтастай аймақтағы ахуалды күрт ушықтырып жіберді. 

Шығанақтағы ірі ақпарат агенттіктерінің дерегі бойынша Абу Дабиде, әуе шабуылынан бір адам қаза тапқан. Билік тұрғындарды сабыр сақтауға шақырып, жағдай бақылауда екенін растады. Әуе қорғаныс жүйелері іске қосылып, зымырандардың басым бөлігі әуеде жойылған. 

Иранның Араб елдеріндегі АҚШ әскери нысандарына бағытталған баллистикалық зымырандары аймақтағы шиеленісті ширықтырып жіберді. Соққылар шығанақтағы бірнеше әуе базасына жасалды. Салдарынан Абу Дабиде бір шетелдік азамат көз жұмды. Әуеде жойылған зымыран сынықтары тұрғын үй аумағына құлаған. Сарапшылар мұны Таяу Шығыстағы ең қауіпті эскалация деп отыр. Аймақта кең ауқымды әскери қақтығыс қаупі күшейген.

Анығында АҚШ, Иран және Израиль арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер жанданып, тараптар белгілі бір уағдаластыққа жақындаған еді. Тіпті Иранның Сыртқы істер министрлігі келіссөздердің келесі кезеңі өтетінін хабарлаған. Алайда көп ұзамай жағдай күрт өзгерді. Құрама штаттар Израильмен бірлесіп, Тегеран мен Исфахан қалаларындағы нысандарға соққы жасады. Бұған жауап ретінде жаралы жолбарыстың күйін кешкен Иран Таяу Шығыстағы америкалық әуе базалар зымыранмен атқылады. Бірқатар араб мемлекеті әуе қорғаныс жүйелерін іске қосып, соққыларға біршама тойтарыс берді.

БАӘ Қорғаныс министрлігі:

- Ел аумағындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері дер кезінде іске қосылып, нысанаға алынған зымырандардың басым бөлігі жойылды. Жағдай толық бақылауда. Тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер жоқ. Құзырлы органдар ахуалды тұрақтандыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Ресми мәліметтерге сәйкес, зымырандар АҚШ әскери базалары орналасқан елдерге бағытталған. Біріккен Араб Әмірліктерінен бөлек, Қатар, Кувейт, Иордания, Бахрейн және Сауд Арабиясында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазір шығанақ аймағында әуе кеңістігі уақытша жабылған.

Азаматтық авиация рейстері тоқтатылды. АҚШ-тың бесінші флоты аймақтан кері шегінбейтінін мәлімдеді. Ал Дубай, Абу Даби және Дохадағы қазақ дипломаттары отандастарымыздың қауіпсіздігін бақылауға алды. Оларды елге қайтару мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

Авторы: Рауан Мыңбай