Иран Ормуз бұғазын ашпай қойса не болады?
Ормуз бұғазы Иран мен Парсы шығанағындағы көршілер арасындағы стратегиялық теңіз өткелі.
Ені 33 шақырым, кеме жүретін бөлігі 3,7 шақырым ғана. Күніне осы қылдай аралықтан 21 миллион баррельге дейін мұнай өтеді. Бұл дүниежүзі тұтынатын мұнайдың шамамен 20 және сұйытылған газдың 30 пайызы. Оман, Біріккен Араб әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Ирак, Сауд Арабиясы үшін энергетикалық экспорттың негізгі бағыты. Кейінгі ақпарға қарағанда қазір бұл жерден тек Иран мен Қытайдың кемелері ғана өтіп жатыр.
Жалпы былтыр Kpler энергетикалық консалтингтік компаниясының мәліметіне сүйенсек, бұғаз арқылы орташа есеппен тәулігіне 14 миллион баррельден астам мұнай өткен. Бұл әлемдік теңіз арқылы экспортталатын шикі мұнай көлемінің үштен бірі. Оның шамамен төрттен үші Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Кореяға жөнелтілген.
ЦИТАТА:
- Егер жеткізу тоқтаса, әлем қажетті мұнайдың шамамен 20–30%-ынан айырылады. Қазір қор көлемі шектеулі болғандықтан, баға жылдам өсуі мүмкін. Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылуы жаһандық рецессияға кепіл болады. Мұнай мен газдың ірі импорттаушылары саналатын азиялық елдер қор жинауды жеделдетеді. Бұл баға үшін бәсекеге әкеледі. Бағалар нарықты теңестіру үшін сұранысты төмендететіндей деңгейге дейін өсуі мүмкін.
Роберт Макнелли, Rapidan Energy компаниясының президенті
Ені 33км
20% Мұнай
30% Сұйытылған газ
21 миллион баррель мұнай
ИРАН
ОРМУЗ БҰҒАЗЫ
ОМАН
БАӘ
ҚАТАР
БАХРЕЙН
КУВЕЙТ
ИРАК
САУД АРАБИЯСЫ
Иран экономикасы күйреуі мүмкін
Иран бұғазды жауып, одан пайда таппайды. Керісінше бұл әрекеті жығылған үстіне жұдырық болайын деп тұр. Өйткені Иран өз экономикасын тіреп тұрған стратегиялық үш нысанның біржола күйреуіне түрткі болуы мүмкін. Мәселен, Харк аралындағы мұнай терминалы, Иран мұнайы мен мұнай өнімдері экспортының 90%-ын қамтамасыз етеді. Терминал бір мезгілде 9 алып танкерді қабылдауға қабілетті және күн сайын 10 млн баррельден астам мұнай жөнелте алады. Бұл нысанның істен шығуы Иранның экспорттық әлеуетін жояды. Екінші, Кенган газ өңдеу зауыты. Бұл елдегі жалғыз әрі маңызы зор нысан. Егер зауыт қираса, Иран бірнеше күннің ішінде электр қуатынан да айырылады. Үшіншісі, Шахид Раджаи порты. Иранның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жалғыз терең сулы порты. Елдегі импорт пен экспорттың 40%-ы өтеді. Оның тоқтауы Иранды азық-түлік, өнеркәсіптік тауарлар мен жабдықтардан толық айыруы мүмкін.
ИРАНДАҒЫ 3 СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАН
Харк аралындағы мұнай терминалы
Экспорт - 90%
Күніне - 10 млн баррельден астам мұнай
Кенган газ өңдеу зауыты
Маңызы зор жалғыз газ өңдеу зауыты Кенган қаласында орналасқан
Шахид Раджаи порты
Импорт пен экспорт - 40%
ЦИТАТА:
- Бұл шынымен де өте үлкен қауіп. Парсы шығанағы елдеріндегі экспорттық инфрақұрылым бұғаз жабылған жағдайда нарықтан оқшауланып қалуы мүмкін.
Роберт Макнелли, Rapidan Energy компаниясының президенті
Еуроодақ теңіздегі қауіпсіздікті күшейтеді
Еуроодақ Қызыл теңіз, Парсы шығанағы және Үнді мұхитындағы әскери-теңіз операциясын күшейтпек. Бұл туралы ұйымның ресми өкілі Кая Каллас мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі теңіз қауіпсіздігін нығайту мақсатында миссия қосымша кемелермен толығады. Қазіргі бары үш кеме. Олардың бірі Францияның әскери-теңіз күштеріне тиесілі. Осыған дейін бұл операция хуситтердің Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне жасаған шабуылдары кезінде жұмысын бастаған еді. Енді оның міндеттері Иран мен АҚШ арасындағы тікелей әскери қақтығыс аясында кеңейтіліп отыр.
Әлемдік мұнай нарығын не күтіп тұр?
Ормуз бұғазының жабылуы бір түнде әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бір бөлігін бұзады, дейді сарапшылар. Егер ұзақ уақытқа жабылса, электр энергиясы қымбаттап, жаһандық инфляция қайта күшеюі мүмкін. Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттар қымбаттайды. Ал төмендесе, импорттаушы елдер игілігін көреді.
Мұндай жағдайда ОПЕК+ өндірісті арттыру арқылы нарықты тұрақтандыруға тырысады. Ұйымға мүше 8 ел, келесі айда мұнай өндірісін тәулігіне 206 мың мың баррельге дейін ұлғайтуға уағдаласты.