Еуропалық одақ босқындар легіне алаңдаулы
Ирандағы соғыс Еуропаны алаңдатып отыр. Ендігі мәселе кәрі құрлыққа босқындар ағылуы мүмкін деген қауіп бар.
Әзірге мигранттардың үдере көшу белгілері байқалмайды. Дегенмен Еуроодақ құрылымдарының ескертуінше, жағдай одан әрі шиеленіссе, қақтығыс тек өңірлік қауіпсіздік дағдарысымен шектелмейді – одақ гуманитарлық проблеманың ошағына айналуы мүмкін.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропа бірнеше бағыт бойынша өз ұстанымын айқындап отыр. Біріншіден, саяси. Еуропалық комиссия басшысы мен Еуропалық кеңес жетекшілігі тараптарды жағдайды барынша ушықтырмауға, шиеленісті дипломатиялық жолмен шешіп, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірмеуге шақырады.
Еуроодақ үшін дағдарыстың ең ірі өңірлік қақтығысқа ұласпауы аса маңызды. Себебі бұл жағдай босқындар ағынын автоматты түрде арттыруы мүмкін.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:
- Өңірдегі тұрақтылық аса маңызды. Біз ахуалды Еуропалық комиссия жанындағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі алқада талқылап жатырмыз. Энергетикадан ядролық салаға, көлік, көші-қон және қауіпсіздікке дейінгі барлық тәуекелдер қарастырылып жатыр. Біз кейінгі оқиғалардың салдарына дайын болуымыз керек.
Екінші бағыт – мониторинг пен алдын ала дайындық. Еуропалық құрылымдар Түркия, Оңтүстік Кавказ және Жерорта теңізі арқылы өтетін ықтимал көші-қон бағыттарын мұқият бақылап отыр. Еуроодақ агенттіктері 2015 жылғы Сирия дағдарысы кезіндегідей жағдайдың қайталану қаупін саралап отыр. Қазіргі басты міндет – бақылаусыз ағымға жол бермей, алдын ала әрекет ету.
Магнус Бруннер, ЕО көші-қон жөніндегі комиссары:
- Еуропалық баспана беру жүйесінің жаңа ережелерінің арқасында біз дағдарыс жағдайына арналған нақты механизм құрдық. Бұл Еуропаның кез-келген сценарийге дайын болып, жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Еуроодақтағы баспана беру жүйесінің жаңа реформасы маусым айында күшіне енеді. Ол Одақ аумағында пана іздеушілердің санын әділ бөлуге және сыртқы шекаралардағы рәсімдерді жеделдетуге бағытталған. Дағдарыс механизмі мигранттар жаппай ағылған жағдайда одаққа мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Мәселен, келімсектер саны көп елдер, соның ішінде Грекия ерекше қолдауға ие болады.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуроодақтағылар Ирандағы ахуалға қатысты босқындар легінің әзірге байқалмайтынын айтады. Алайда оқиғалардың даму динамикасы еуропалық институттарды әртүрлі сценарийге дайын болуға мәжбүрлеп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы