Д. Трамп: Иранмен соғыс көп ұзамай аяқталады
Кейінгі екі күнде мұнай бағасы мың құбылды. Кеше Вrent маркалы қара алтынның нарықтағы құны 120 долларға бір-ақ көтерілді.
Сөйтіп, Таяу Шығыстағы аласапыран жаһандық энергетикалық дағдарыс қаупін одан бетер күшейтті. Алайда кейінгі саудада қара алтынның нарқы 90 доллардан төмендеді. Бұған не себеп? Алда мұнай нарығын не күтіп тұр?
G7 елдері қордағы мұнайды шығарады
АҚШ пен Еуропа мұнай бағасын тұрақтандыруға кірісті. Яғни резервтегі қара алтын қорын бірлесіп пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл мәселені Үлкен жетілік елдерінің қаржы министрлері талқылады. Десе де түпкілікті шешім бүгін шығады.
Ролан Лескюр, Франция қаржы министрі:
- Біз Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Егер мұнай нарығындағы ахуал ушықса, бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараны қолдануға дайынбыз. Қажет болса, қорда сақталған стратегиялық мұнайды да нарыққа шығарамыз.
1970 жылдардағы Араб елдерінің Батысқа салған эмбаргосынан кейін АҚШ пен Еуропаның бірқатар елі халықаралық энергетикалық агенттік құрып, төтенше жағдай кезінде пайдаланатын мұнай қорын жинағаны белгілі. Дәл осы қор бүгінгі күні Құрама Штаттар мен қарт құрлықты тығырықтан алып шығатын мүмкіндіктердің бірі болмақ. Айта кетейік, қоймада сақтаулы тұрған қара алтынның көлемі – 1 млрд 200 млн баррель. Агенттікке мүше елдер оның 300-400 млн баррелін, яғни 30 пайызын нарыққа шығаруды ұсынып отыр. Осы күнге дейін бұл қордың мұнайы бес мәрте сатылымға шығарылып, дағдарыстан шығуға сеп болған.
Иранмен арадағы соғыс көп ұзамай аяқталады. АҚШ президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді. Бұдан соң, шырқап бара жатқан Брент маркалы мұнайдың бағасы бірден 29 пайызға құлдилай жөнелді. Кеше ғана қара алтынның құны 120 долларға жуықтағанын жаңа айттық. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең жоғары өсім болатын. Президент Трамп мұнайдың қымбаттауын уақытша жағдай деп бағалады. Рейтер агенттігінің мәліметі бойынша, Ақ үй басшысының жаһандық нарықтағы ахуалды тұрақтандыру үшін қосымша жоспары бар.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- АҚШ мұнай бағасын түсіру үшін бірқатар елді мұнай санкцияларынан уақытша босатпақ. Кейін қажет болса, шектеулерді қайта енгізуіміз мүмкін. Егер жағдай күрделене түссе, Америка әскери-теңіз күштері одақтастарымен бірге танкерлерді бұғаз арқылы күзетіп өткізуге дайын. Алайда мұндай қадамға барудың қажеті болмайды деп үміттенемін.
Рейтер агенттігінің мәліметі бойынша, АҚШ Ресейге қарсы санкцияны жеңілдетуі мүмкін. Бұған дейін Вашингтон Қытай мен Үндістанның ресейлік мұнайды сатып алуын шектеп тастаған еді. Сондықтан Бейжің мен Нью-Дели Араб елдерімен саудасын арттырған болатын. «Енді бұл екі ел қайтадан Ресейге жүгінуі ықтимал», - дейді сарапшылар.