Қытайда дәстүрлі Наурыз фестивалі өтті
Іс-шара Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясында ұйымдастырылды.
Қазақтың болмысы мен өнері жергілікті жұртшылыққа паш етілді. Киіз үй тігіліп мәдени-этнографиялық көрме қойылды. Ұлттық салтымыз көрсетіліп, мәдениетіміз көпшілікке таныстырылды.
«Наурызфест». Қытайлықтарды таң қалдырған думан болды. Ән мен күй. Шашу. Қазақтың салт-дәстүрі осының бәрі Бейжіңдегі ең үлкен Чаоян саябағында көрсетілді. Салтанатты іс-шараны 7 мыңға тарта адам тамашалады.
Кунь Сянлинь, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Наурыз мерекесіне алғаш рет қатысып тұрмын. Кейбір нәрселерді көріп біздің ұлттық аспаптармен ұқсастықты байқадым. Мұндай мерекелік іс-шаралар екі елдің арасын жақындата түседі. Бұл бізге қазақ халқының дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Чжинь Ли, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Мерекені көруге құрбыммен бірге келгенмін. Өте әсерлі екен. Бай мәдениетіңізді көріп біліп жатырмыз. Әншілер мен бишілердің өнері керемет. Киім үлгілері таңқалдырды.
Мерекеде рухани құндылықтарымыз жан-жақты таныстырылды. Тұсаукесер дәстүрі қойылым түрінде әзірленіп, үш бірдей бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Қазақы салтпен бата берілді. Абай шығармаларынан ән шырқалып, күй күмбірледі.
Кейли, Финляндия елінің азаматы:
- Ерекше концерт. Маған қатты ұнады. Қызыққаным соншалық таратылған ұлттық тағамнан дәм татып үлгірмей қалдым. Мәдени іс-шараларды сүйсіне тамашалап тұрмын.
Наурызфестке Қытай мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломаттар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Мерекелік іс-шара аясында мәдени-этнографиялық көрме ұйымдастырылды. Көпшілікке колөнер бұйымдары, ұлттық аспаптар көрсетілді. Сонымен қатар отандық өнімдер де ұсынылды. Меймандарды әсіресе алып денелі батырлар таң қалдырды.
Қаламқас Серікқызы, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі:
- Бейжіңдегі барлық халықтарды шақырып осы мейраммен таныстыра отырып көктемнің мейрамын насихаттадық десек болады.
Бейжіңде биылғы Наурыз осылай қорытындыланды. Бұл іс-шара екі ел халқының өзара сенімі мен қарым-қатынасын нығайтып, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Руслан Бақытбекұлы