Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызметкерлердің көлік пайдалануы шектелді

Оңтүстік Кореяда Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысының шектелуіне байланысты жанармай дағдарысы ушығып барады. 

Таяу Шығыстағы соғыс басталғанға дейін бұл елге мұнайдың 70 пайызы осы өткел арқылы жеткізілетін. 2 сәуірден бастап үкімет энергетикалық қауіпсіздікке алаңдап, жанармай тұтынуды азайту шараларын енгізе бастады. 

Владислав Цой, тілші :

- Оңтүстік Кореяда қазір жанармай құю бекеттерінде бензиннің орташа құны литріне 1953 вонға жетті. Біздің ақшамен 613 теңге. Бұл өткен күнмен салыстырғанда 5 вонға қымбат. Еске сала кетейін, Оңтүстік Кореядағы энергетикалық дағдарыс ақпан айының соңында Иранның Ормуз бұғазын жабуынан кейін басталды. Сырттан алып келетін мұнайдың 70 пайызы осы жолмен тасымалданатын. Әзірге оны ауыстыратын  бағыт жоқ. Дегенмен жергілікті билік елде 200 күннен аса уақытқа жететін көмірсутегі қоры барын айтып отыр. 

1сәуірден бастап үкімет өңдеу зауыттарына мемлекеттік қоймалардан мұнайды қарызға бере бастады. Алайда кәсіпорындар шикізат импорты қайта қалпына келтірілген соң оны қайтаруы тиіс. Сондай-ақ 25 наурыздан мемлекеттік қызметкерлер аптасына бір рет жеке көлігін пайдаланудан бас тартуы керек. Мысалы, дүйсенбі күндері мемлекеттік нөмірі 1 немесе 6-мен аяқталатын көліктердің, ал сейсенбіде 2 немесе 7-мен бітетін көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. 8 сәуірден бастап бұл шектеулер қоғамдық тұрақтарға да қолданылады, ал мемлекеттік қызметкерлер «жұп-тақ» жүйесіне көшеді.

Хан Джу Ён, Оңтүстік Корея климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі бөлім бастығының орынбасары:

-  Айдың жұп күндері жолға тек жұп нөмірлі көліктер, ал тақ күндері тек тақ нөмірлі көліктер шыға алады. Ереженің орындалуын әр мекемеде қадағаланады. Арнайы топтар жақын маңдағы тұрақтарды да тексеріп отырады. Шектеу шаралары шамамен 1 миллион 300 мың көлікті қамтиды.

Бұл талаптар мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер, мектеп жасына дейінгі балаларды тасымалдайтын көліктер және электромобиль мен сутегі көліктерінің иелеріне, сондай-ақ жедел жәрдем сияқты арнайы қызметтерге қолданылмайды. Сонымен қатар мемлекеттік секторға икемді жұмыс кестесіне көшу, маңызды емес іссапарлардан бас тарту және бейнеконференцияны жиірек пайдалану ұсынылды.

Ли Джина, мемлекеттік қызметкер:

- Бұл шектеу маған ешқандай қолайсыздық тудырып отырған жоқ. Үйден жұмысқа дейін автобуспен небәрі төрт аялдама. Таңертең жолдарда кептеліс көп болатынғандықтан мен бұрын да жеке көлігімнен гөрі қоғамдық көлікті жиі пайдаланатынмын.

Бүгін ел Президентінің қатысуымен шұғыл кеңес өтті. Онда мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу порты арқылы тасымалдау мәселесі талқыланды. Алайда хуситтердің шабуылдарына байланысты бұл бағыт та қауіпті болып отыр. Сондықтан үкімет танкерлерді күзету үшін әскери кемелерді аттандыру жағын да қарастырып жатыр. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян