Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсе бастады

Бұл Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайдың ушығуымен байланысты. АҚШ пен Иран Пәкістандағы келіссөздерде ортақ мәмілеге келе алмады. 

Осыдан кейін Вашингтон аталған стратегиялық теңіз жолындағы кеме қатынасын әскери жолмен шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ықтимал операцияға өзге елдер де тартылуы мүмкін. 

Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта қымбаттай бастады. Бұған Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайдың ушығуы әсер етті. Bloomberg мәліметінше, Brent маркалы мұнай 9 пайызға көтеріліп, бір баррель үшін 104 долларға дейін жетті. Кейін 103 доллар деңгейінде тұрақтады. WTI маркасында да осындай өсім байқалды. Сарапшылар мұны АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің нәтиже бермеуімен және энергия жеткізіліміне қатысты тәуекелдердің артуымен байланыстырады.

Азия қор нарығы құлдырады

Әлемдегі геосаяси ахуал қор нарығын да шайқалтты. Азиядағы жетекші индекстер, атап айтқанда, Токио, Гонконг және Сеул биржаларының көрсеткіштері шамамен 1 пайызға құлдырады. S&P 500 индексінің фьючерстері де төмендеді, ал доллар бағамы керісінше нығайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл инвесторлардың тәуекелі жоғары активтерден бас тартып, қауіпсіз құралдарға көшуімен байланысты. The Guardian дерегіне сәйкес, келіссөздердің сәтсіз аяқталуы ұзаққа созылатын энергетикалық дағдарыс қаупін күшейткен.

Ормуз бұғазындағы жағдайдың нарыққа әсері

Ормуз бұғазы жаһандық мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Әлемдегі мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі осы өткел арқылы өтеді.   Сондықтан бұл аймақтағы кез келген тұрақсыздық нарықтарға бірден әсер етеді. Сарапшылардың айтуынша, жеткізілімдерге қатысты қауіптердің артуы мұнай бағасының өсуіне ғана емес, инфляциялық болжамдарға да ықпал етуде. Сонымен қатар жанармай мен тыңайтқыш жеткізудегі іркілістер ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Авторы: Динара Қуандыққызы