Ливанның азық-түлік қоры 4 айға ғана жетеді

Ел билігі осылай деп дабыл қақты. Израиль әскері әуе шабуылдарын үдетуі жағдайды ушықтыра түскен. Бірақ жергілікті жұрт әлі де бейқам. Өйткені дүкен сөрелерінде азық-түлік толып тұр.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы: «Елдің оңтүстігіндегі Израильмен шектес аудандарда тамақ осы апта аяғында таусылуы мүмкін» дейді. Израиль осы аймақтағы Литани өзеніндегі көпірлердің көбін қиратып, барыс-келісті тоқтатып тастады. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты тауар таситын жолдар жабылған. Ливанда азық-түлік бағасы бірден 20 пайызға қымбаттады. Елде 900 мың тұрғын бір тілім нанға мұқтаж. 

Эллисон Оман Лави, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Ливан бойынша директоры:

- Біз Ливанда бұрыннан жүздеген мың адамға азық-түлік және ақшалай көмек көрсетіп келеміз. Бірақ қазір бұл жұмысты жалғастыру өте ауырға соғып отыр. Бізге қауіпсіздік және жүріп-тұру мүмкіндігі қажет. Көп жерлер әлі бомбаланып жатыр. Инфрақұрылым қираған. Жүріп-тұру мүмкін емес.