Ташкентте қазақ-өзбек саяси сарапшылары бас қосты
Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында «Қазақ-Өзбек қатынастарының жаңа серпіні. Бұхара саммитінен кейінгі қадамдар» тақырыбында жиын өтті.
Іс-шара мемлекет басшыларының Бұхарадағы бейресми кездесуінің қорытындылары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мен даму перспективаларын талқылауға арналды.
Қазақстанмен Өзбекстан мемлекет басшылары былтыр түрлі деңгейде 20 мәрте кездескен. Көрсеткіш екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды-дейді жиынға қатысушылар. Басқосуға Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының өкілдері мен талдау орталықтарының сарапшылары қатысты.
Дилором Файзиева, Өзбекстанның Олий Мәжіліс депутаты:
- Бүгінгі таңда Орталық Азия аймағы үшін энергетика, су және азық-түлік қауіпісіздігі өте өзекті тақырып. Бұл мәселелер түрлі деңгейдегі кездесулерде көтеріліп, заң шығару органдарының жұмысына алынды. Біз өз тарапымыздан Қазақстандық әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Парламентаралық комиссия жұмыс істейді. Бұл екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісін көрсетеді.
Жиында экономика мен мәдени гуманитарлық салалардан бөлек экология, логистика мен білім салаларындағы мүмкіндіктер сөз болды. Сондай-ақ екі ел үшін маңызды су тақырыбы да назардан тыс қалмады. 22 сәуірде Астанада ұйымдастырылатын «Аралды құтқару» саммитінің аймақ үшін маңыздылығы айтылды.
Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- Біз Президент жанындағы Аналитикалық орталық ретінде өзіміздің әріптестерімізбен екі елдің байланысына терең сараптама жасадық. Бұл тек саяси экономикалық бағыттарды ғана емес, өзге де салаларды қамтыды. Екі елдің алдағы 10 жылдықтарға құрған стратегиялық жоспарлары бар. Экологиялық бағытта біздің елде «Таза Қазақстан» жобасы болса, Өзбекстанда «Таза ауа» бағдарламасы іске қосылыпты.
Сарапшылар арасындағы басқосулар екі елдің стратегиялық мүмкіндіктерін терең зерттеп, жоспар түзуге мүмкіндік береді, - дейді жиынға қатысушалар. Ал отырыс қортындысы бойынша айтылған ұсыныстар зерделеніп, үкіметаралық комиссияның қарауына жіберіледі.