Түркия жасөспірімдерге әлеуметтік желіні шектеді

Түркия да 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні қолдануға шектеу енгізді. Ұлы ұлттық мәжіліс осындай заң қабылдады.

Құжатқа сәйкес жеткіншектерге әлеуметтік желіде тіркелуге рұқсат берілмейді. Сол себепті цифрлық платформалар пайдаланушының жасын міндетті түрде тексеруге тиіс. Ал 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін арнайы қауіпсіздік режимі енгізіледі. Сонымен қатар ата-аналарға бақылау құралдарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ірі платформалар мемлекеттік талапты 1 сағат ішінде орындауға міндеттелді. Заңбұзушылық орын алса, айыппұл немесе өзге де шектеу шаралары қолданылуы мүмкін.

Лейла Шахин Ұста, Әділет және даму партиясының депутаты:

- Балаларға зиянды деп танылған контентке балама жолмен, әсіресе VPN арқылы кіруге мүмкіндік берілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер қатаң бақыланатын болады. Заңға енгізілген бұл өзгерістер балалар арасында қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру үшін жасалып отыр.