Климат өзгерісі мал өлімін көбейтті

Климат өзгерісі түздегі жануарлар тұрмақ, қорадағы малды да тұралатып барады. Тіпті жем-шөбі алдында тұрған сиырдың сүті азайып кеткен.

Ал қыстан шыққан көтерем мал жаппай қырылып жатыр. Бұлай кете берсе ет те, сүт те азаяды. Енді, көз алдыңда жүрген қара-құраны былай қойғанда су астындағы балық та ыстыққа шыдамай жатыр. Жердің қыза бастауы даладағы суды да сақырлатып қайнататын түрі бар. Бұл БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы мекемесінің дерегі. Құзырлы ұйым бұдан басқа қандай қауіп айтады.

Аптап ыстықтан ірі қара малдың қырылуы кейінгі 2-3 жылда әлемнің түкпір-түкпірінде кездесіп жатқан жағдай. Әсіресе Еуропада. Франция мен Испанияда қаталап өлген мал саны 20-30%-ға артқан. Фермерлер тіпті өлекселерді жинап үлгере алмайды. 10 мың сиырдың қырылуы фермерлер үшін қып-қызыл шығын. Тірі қалған қара малдың өзі бұзаулай алмай қалады немесе сүт бермеуі мүмкін. Жалпы Зеңгі баба тұқымы физиологиялық тұрғыдан суыққа төзімді. Бірақ ыстыққа әлсіз. Өйткені тер шығара алмайды. Денесін аузымен демалу арқылы салқындатады. Егер түнде температура +21°C-тан төмен түспесе, сиырдың күндіз жинаған қызуы сыртқа шықпайды. Мұндай жағдай 3-4 күн қайталанса, жануардың ағзасы шыдамайды. Сөйтіп өнімділік 15-30%-ға кемиді. Өйткені мал ыстықта суды көп ішіп, жемді аз жейді және аз қозғалады. Сондықтан сүт беруі де азаяды.

Кавех Захеди, ФАО Климат өзгерісі бойынша басқарма директоры:

- Аптап ыстық Ауыл шаруашылығының барлық саласы мен азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Бір күндік қатты ыстықтан сүт өндірісі 10%-ға төмендеуі мүмкін. Сүттің құрамындағы май мен ақуыз мөлшері азаяды. Кейбір қатты ыстық кезеңдерде ірі қара малдың қырылу көрсеткіші 24%-ға дейін жетіп отыр.

Әлемде жылына шамамен 900 миллион тоннадан астам сүт өндіріледі. Өндірістің 24%-ын Үндістан қамтамасыз етеді. Екінші орында - АҚШ. Технологиялық тұрғыдан дамыған фермалар осында. Дегенмен бұл екі ел де кейінгі жылдары қатты ыстыққа тап болып, дауыл, су тасқынымен бетпе-бет келіп отыр.

Судағы балық та ыстыққа шыдамай жатыр

Қатты ыстық балық шаруашылығын да шығынға ұшыратып отыр. Егер бұрын балық аулау табиғи ресурс болса, қазір ол салқындатылған бөлмеде сиыр баққанмен бірдей шығынды қажет етеді. 2 жыл бұрын мұхит бетінің орташа температурасы 21,1°C-қа жетті. Бұл балық үшін нағыз пештің ішіне түскенмен бірдей дейді, мамандар. Дерекке сүйенсек, су температурасының 1°C-қа көтерілуі балық аулау көлемін 5%-ға азайтады. Мәселен, Солтүстік теңіздегі треска популяциясы кейінгі 20 жылда 60%-ға кеміген. Мұндай шабақтар қатты ыстықта тірі қалмайды. Дүниежүзілік банк пен ФАО болжамы бойынша, 2050 жылға қарай балық шаруашылығының табысы жаһандық деңгейде 15 млрд АҚШ долларына дейін азаяды. Әлемде 3,3 млрд адам ақуыздың негізгі көзін балықтан алады. Ал кейінгі 2 жылда балық бағасы 15-20 пайызға қымбаттаған.

Кавех Захеди, ФАО Климат өзгерісі бойынша басқарма директоры: 

- Аптап ыстық балық шаруашылығы мен аквамәдениетке де экономикалық әсерін тигізіп отыр. Балық аулау кәсібінің 15 пайызы зардап шегіп үлгерді. Бұл 6 млрд АҚШ долларынан астам сомадағы экономикалық шығынға әкелді. 

Аптап ыстық келе жатыр

Сынап бағанасы 20°C-тан жоғарылаған сайын жалпы еңбек өнімділігі 2-3 пайызға төмендейді. Болжам бойынша, ғасыр соңына қарай әлемнің кей аймақтарында ашық аспан астында жұмыс істеу тым қауіпті болатын күндер саны жылына 250 күнге дейін жетуі мүмкін. Аптап ыстықтың басты қаупі құрғақшылық. Бұл егінге, жайылымдардың кебуіне және өрт қаупінің артуына әкеледі. Осы шығындарды азайту үшін мамандар селекциялық іріктеу, егу мерзімдерін өзгерту, егістіктерді көлеңкелеу және мал қораларында салқындатқыш орнатуды осы бастан ойластыруды ескертеді. Сондай-ақ малды күн салқында жайып, шөп жем қорын жасақтап қою қажет дейді.

Қауіп-қатердің алдын алмаққа БҰҰ ерте ескерту жүйесін іске қосқан болатын. Мақсат - келер жылға дейін әлем тұрғындарын күн райы жөнінде сапалы ескерту жүйесімен қамтамасыз ету. Апат болатыны туралы 24 сағат бұрын ескертілсе, шығынды 30 пайызға азайтуға болады.