Португалияда баспана қымбаттады

Португалияда баспана бағасы бір жылда 19 пайыз қымбаттады.

Ал 10 жылда 180 пайызға өскен. Лиссабон туристер мен инвесторлар үшін тартымды шаһар. Бірақ жергілікті тұрғындар үшін үй алу мұңға айналған.

Португалияда үй алу қиын. Тірнектеп ақша жиғандар бағаны қуып жете алмай әлек. Өйткені бұл елде баспана бағасы жылдан жылға қымбаттайды. Былтырдың өзінде 19 пайыз өскен. Еуростаттың дерегі бойынша бұл Еуроодақ бойынша Венгриядан кейінгі ең жоғары өсім. Өйткені сұраныс басым. Ал сатылатын үй аз. Шетелдік инвесторлар мен туристер де саудаға әсер етіп отыр. Сондай-ақ елдегі құрылыс қарқыны баяу. Себебі баспана салуға рұқсат алу қиын. Сондықтан Лиссабон секілді ірі шаһарларды шетелдік инвесторлар мен саяхаттаушылар басып жатыр, дейді тұрғындар.

Паула Кастро, Лиссабон тұрғыны:

- Бізді қойшы, жастар мен студенттерге обал. Бірақ қазір Португалияда бүкіл халықтың жағдайы мәз емес. Өйткені үй дегеніміз өмір сүретін орын емес, табыс көзіне айналды.  

Кейінгі 10 жылда Португалияда жалдамалы пәтер құны 40 пайыз өсті. Ал үйдің бағасы 180 пайызға қымбаттаған. Халықтың 2 пайызы әлеуметтік баспанаға мұқтаж. Жергілікті тұрғындар биліктен  мәселенің шешімін табуды талап етіп, көшеге жиі шығады. Бұл жағдайға Еуропалық Парламент те алаңдап отыр. Өйткені, тұрғын үй дағдарысы тек Португалиямен шектелмейді. Қарт құрлықтың біраз еліндегі ахуал осыған ұқсас. 

ЦИТАТА: Ирен Тинагли, Еуропалық парламент депутаты

- Лиссабонда халықтың тауып отырған табысы үй сатып алуға жетпейді.  Мемлекет салып жатқан баспана аз, ал үйлердің көбі туристерге жалға беріліп жатыр. Бұдан бөлек пайда табуды көздеген инвесторлар көбейіп, қарапайым халық зардап шегіп отыр. Бұл Португалияға ғана емес, бүкіл Еуропаға ортақ проблема. Еуропарламент осы жағдайды түзету үшін жергілікті билікпен бірге жұмыс істейді. Баспана бағасын қолжетімді етуге бар күшімізді саламыз. 

Португалия билігі құрылысқа рұқсат беруді жеңілдетеміз, дейді. Салықтарды азайтып, туристерге жалдаламалы пәтер беруді шектеді. Әзірге нәтиже шамалы. Ал сарапшылар: "тұрғын үй дағдарысын реттеу үшін бұл шаралар әлі де жеткіліксіз" деп санайды.