Өзбекстанда «Болашақ инженерлер» фестивалі басталды
Ташкентте «Болашақ инженерлер» халықаралық фестивалі басталды.
Аталған сайысқа Орталық Азия елдерімен Қытай және Ресей командалары қатысып жатыр. Өрендер инженерияның 9 бағыты бойынша сынға түседі. Олардың ішінде аэроғарыш, машинақұрастыру, робототехника мен чиптер дизайнын жасау сияқты күрделі тапсырмалар бар. Қазақстан жастары бұл фестивальге жаңа стартап жобаларын әкелді.
Рамазан Нәлібек робототехниканы мектеп жасынан жанына серік еткен. Жоғарғы оқу орынына түскенннен кейін өзінің стартап жобасын шығарған. Жаңалығы сол, оның құрастырған роботы 3 айдың ішінде адамға техникалық білім бере алады. Айтуынша 4 жыл университетте теория оқығанша, аз уақыттың ішінде инженер мамандығын осылай-ақ игеруге болады.
Рамазан Нәлібек, стартап жоба авторы:
- Мына жерде моторы бар. Колекторлық мотордың сервыйдныйдан айырмашылығы неде? Содан бастап, тоқ қалай жүреді, барлық заңдардың негізін айта отырып, жаңағы адам 3 айдың ішінде осы роботты құрастырып шығады.
Рамазан сияқты ойы ұшқыр жас инженерлер Ташкент қаласына жиылды. Қазақстан құрамасы бірнеше бағыт бойынша сынға түседі. Ол дрон ұшыру, техниканы басқару арқылы футбол ойнау мен үздік стартап жобалар.
Жаннұры Нұралдан, Қазақстан командасының мүшесі:
- Бұл біз үшін өте жақсы көзқарасымызды оятады. Әрі қарай даму жолында басқа мемлекеттерден келетін мықты қатысушылардан көру арқылы алға жылжимыз. Әсер аламыз.
Балжан Ахметова, Қазақстан командасының жетекшісі:
- Бірнеше елден келген екен үміткерлер. Біздің балалар халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Жақсы дайындықпен келдік. Жеңеміз деген үмітіміз зор.
Фестивальдің ашылу салтанатында Орталық Азия және Ресейдің инженерияға басымдық берген жоғарғы оқу орындары арасында ғылыми консорциум құрылды. Оның аясында болашақ техниктерді дайындау, өзара тәжірибе алмасу сияқты басым бағыттар бар.
Дулат Нуркин