Claude платформасы OpenAI өнімдерінен асып түсті
Кейінгі 3 жылда жасанды интеллект десе, көпшілік бірден ChatGPT-ді елестететін.
Бірақ биыл Anthropic компаниясының Claude платформасы OpenAI өнімдерінен асып түсті. Бұл жасанды интеллект индустриясының жаңа кезеңге өткенін білдіреді. Әуелде адамдар жасанды интеллектіні мәтін жазып, сурет салатын, сұраққа жауап беретін құрал ретінде қабылдады. Ал қазір компанияларға нақты нәтиже беретін интеллектуалды жүйе қажет. Дәл осы тұста Anthropic өнімдеріне сұраныс артты. Оның Claude жүйесі - өте үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуге қабілетті. Мысалы, бір уақытта жүздеген беттен тұратын келісім-шарттарды, кодтарды немесе аналитикалық есептерді талдай алады. Соның арқасында заң компаниялары мыңдаған құжатты бірнеше сағатта тексереді. Бағдарламашылар код жазу уақытын 40–60%-ға дейін қысқарта бастады. Ең қызығы жасанды интеллект жай көмекші емес, компаниялардың “цифрлық қызметкеріне” айналып келеді. Қазірдің өзінде Morgan Stanley, Notion, Slack, Zoom сияқты ірі платформалар жасан интеллектіні негізгі жұмыс үдерісіне енгізіп жатыр.
ЦИТAТА:
- Жасанды интеллектінің қазіргі өсу қарқыны таңқаларлық. Ол қуатты технологиялармен қамтамасыз етілген. Есептеу күші, деректерді жинау және талдау қабілеті адам сенгісіз нәтижелерді көрсетіп келеді. Медицина, қаржы саласы болсын кез келген сала жасанды интеллекттің жемісін көріп отыр деп айтсам қателеспеймін. Бұл қарқынмен ол тек дами береді. Оны тоқтату мүмкін емес. Басқару маңызды
Бенжамин Ли, Пенсильвания Университетінің инженерлік және технологиялар факультетінің профессоры
Жасанды интеллектінің есептеу қуаты артты
Адамзат бұрын-соңды болмаған есептеу қуатына жақындады. ChatGPT немесе Claude сияқты жүйелердің “ақылды” болуының басты себебі - орасан зор есептеу қуаты. Бұл нарықта көшбасшы NVIDIA. Биыл бұл компания жаңа Vera Rubin платформасын таныстырғанда, саарпшылар оны “AI индустриясындағы реактивті қозғалтқыш” деп атады. Өйткені Rubin жүйесінің мүмкіндігі шынымен таңғалдырады. Секундына 50 петафлопс AI өнімділігі. Дерек алмасу жылдамдығы секундына 260 терабайт. Бұл сандарды қарапайым тілмен түсіндірсек, жасанды интеллект әлдеқайда арзан, жылдам әрі қолжетімді болады. Яғни осыған дейін жасанды интеллектіні пайдалану тек OpenAI немесе Google сияқты алпауыттардың қолынан келсе, енді мұндай мүмкіндіктер орта деңгейлі компанияларға да ашылып жатыр. Бұл әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Жасанды интеллект жаңа кезеңге өтті
Жасанды интеллект медицина саласында бұрын-соңды болмаған серпіліс жасады. REDMOD атты жүйе ұйқыбезі қатерлі ісігін ерте анықтай алатынын көрсетті. Ұйқы безі қатерлі ісігі медицинадағы ең қауіпті аурулардың бірі. Аты жаман ауру көп жағдайда кеш анықталады. Алғашқы белгілер байқалмайды. Науқастардың 12%-ы ғана бес жылдан ұзақ өмір сүреді. Ал жасанды интеллкт мыңдаған анализді талдап, кейін қатерлі ісікке айналған өзгерістерді 73% жағдайда алдын ала байқаған. Мұны мамандар медицинадағы тың өзгеріс дейді. Өйткені жасанды интеллект адам байқамайтын микробөлшектерді талдауға қабілетті. Бұл ұлпа құрылымындағы ауытқуларды анықтауға көмектеседі. Қазір әлемнің ірі клиникалары жасанды интеллектіні рентген, МРТ талдауында, генетикалық зерттеулерде, дәрі жасауда пайдалана бастады. Сарапшылар алдағы онжылдықта медицинадағы ең үлкен өзгеріс робот-хирургтар емес, дәл осындай интеллектуалды диагностикалық жүйелер болмақ.
Қазірдің өзінде шағын медициналық стартаптар өз AI-дәрігерін жасай алады. Университеттер суперкомпьютерсіз ғылыми модельдер құра алады. Инженерлер күрделі өндірісті автоматтандырады. Жасанды интеллектінің игілігін тізе берсек көп. Бастысы, жөнімен пайдалану.