Африкада қауіпті вирустар өршіп тұр

Африкада таралған Эбола вирусының жаңа штамы дүрбелең тудырды.

Халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. 2 күн ішінде 80 науқас көз жұмып, 300-ден астам адам ауру жұқтырған.

Бұл деңгейі бойынша екінші саты. Егер жағдай бұдан әрі қиындаса жаппай пандемия жариялануы ықтимал. Өйткені бұл дертке адам баласы қауқарсыз. Ал жұқпалы ауруға уақытылы шара қолданбаса, өзге елдерге тарап кетуі әбден мүмкін.

Эбола вирусына қарсы ем де, екпе де жоқ

Вирус қазір Орталық Африкада өршіп тұр. Бақылауды күшейту үшін Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Конго Демократиялық Республикасы, Уганда, Оңтүстік Судан және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен трансшекаралық мониторинг мәселесіне арналған шұғыл кеңес өткізді. Жағдай Конго Демократиялық Республикасында кейінгі 50 жыл ішінде 17-рет қайталанып отыр. Осы мерзім ішіндегі өлім-жітім саны 15 мыңнан асады. Былтыр дәл осы індеттен 34 адам қайтыс болған. Ал 2018-2020 жылдары 2 мың 300 адам көз жұмды. Ал бірер күн бұрын тараған вирус көршілес Угандаға да жетіп, бір науқас қайтыс болды. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайларға арналған резервтік қорынан шұғыл әрекет ету шараларын дереу қолдау үшін 500 мың доллар бөлінді. Сондай-ақ індетті зерттеу мен сынамалар жинау үшін Конго Демократиялық Республикасының денсаулық сақтау органдарына, Итури провинциясына арнайы топ жіберілді. 

Эбола вирусы алғаш 1976 жылы анықталды. Содан бері адамзат бұл вирусқа қарсы вакцина да, ем де ойлап тапқан жоқ. 

Жан Касея, Африкадағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бас директоры: 

- Эболаның бірнеше штамы бар. Соның ішінде белгілісі Заир. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, өлім-жітім деңгейі 70-80 пайыздан асады. Қазір бізде Заир штаммына қарсы дәрілер мен вакциналар бар. Бірақ қазір Судан штаммы мен Бундибугё атты штаммы өршіп тұр. Оларға қарсы әзірге не вакцина, не арнайы дәрі жоқ.

Африкада қауіпті вирустар өршіп тұр

Денге безгегі, маймыл шешегі, зика, чикунгунья вирустары, короновирустың "Омикрон" штаммы тізе берсек Африкадан тараған қауіпті індеттердің санында есеп жоқ. Тіпті тақауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары жаһан жұртын алаңдатқан хантавирусты науқастар Африка құрлығынан жұқтыруы мүмкін деп күдіктенген еді. Бұл індет Чили, Аргентинаға тарады. Тіпті Канадаға дейін жетті. Яғни вирус дүниенің бір бұрышынан, екінші бұрышына тез тарап жатыр. Өйткені қазір бір-бірінен шалғай жатқан мемлекеттердің арасын жалғайтын көлік түрі көп. Жермен де, көкпен де, мұхитпен де адамзат Жер жаһанды кезіп жүр. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының дерегіне сүйенсек, Африка әуежайлары жылына орташа есеппен 150-180 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Ал құрлықтағы теңіз порттары -  әлемдік теңіз саудасының күретамыры.  

Африкаға саяхат үшін вакцина міндетті 

Қайнап тұрған қара құрлыққа туристер көп барады. Өйткені мұндай экзотикалық табиғат өзге құрлықта жоқ. Жабайы аң-құс та көп. Мысалға 2024 жылы Африкаға 74 миллион турист барған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Бірақ мұндағы біраз елдің шекарасына кіру қиын. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары мен мемлекеттер бекіткен қатаң талаптар бар. Бұл тек туристің өзін қорғау үшін емес, қауіпті вирустардың әлемге таралуына тосқауыл қою үшін енгізілген. Соның бірі "Сары безгек" ((Yellow Fever)) вакцинасы. Бұл Африкаға баратындар үшін ең басты әрі міндетті талап. Ангола, Конго Демкоратиялық Республикасы, Кения, Гана сияқты 15-тен астам ел бұл сертификатсыз туристерді шекарадан мүлдем өткізбейді. Тіпті карантинге жабады. Вакцина сапарға шығудан кем дегенде 10 күн бұрын салынуға тиіс. Сондай-ақ сапарға шықпас бұрын безгекке қарсы арнайы дәрілік препараттарды қабылдау міндетті. Сафари-турлар кезінде жабайы жануарларға жақындауға, оларды тамақтандыруға және қолмен ұстауға қатаң тыйым салынады.

Еуропа, Америка, Азия елдерінде Африкадан оралған туристер әуежайда қатаң бақыалудан өтеді. Тіпті 21 күн бойы бақылауда болады. Егер дене қызуы көтеріліп, бөртпе пайда болса бірден дәрігерге хабарласып, Африкада болғанын міндетті түрде айтуы қажет.