Калифорнияда Орта дәліз мүмкіндіктері талқыланды

АҚШ-тың Калифорния штатында Еуразия мен Америка арасындағы жүк тасымалына арналған халықаралық форум өтті. 

Жиында Орта дәліздің мүмкіндіктері мен Каспий арқылы өтетін жаңа логистикалық бағыттардың маңызы талқыланды. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Гүржістан және АҚШ дипломаттары, порт басшылары, көлік саласының мамандары мен Америка бизнес өкілдері қатысты. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін бағыт жүк жеткізу уақытын қысқартып, жаңа мүмкіндіктер ашады. Форумда Қазақстандық делегация Ақтау мен Құрық порттарын дамыту, Каспийдегі жүк тасымалын арттыру және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жоспарларын ұсынды. Сондай-ақ Калифорния штатының Лоң Бич портының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. Америкалық тарап Орта дәлізге қызығушылық жоғары екенін айтып, логистика, порт инфрақұрылымы және цифрлық тасымал салаларындағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Хью Холман, Аризона Штатындағы Қазақстанның құрметті консулы:

- АҚШ пен Еуразия арасындағы көлік-логистика мүмкіндіктеріне арналған форумда соңғы жылдары дамып келе жатқан «Орта дәліздің» маңызы талқыланды. Сарапшылар жаңа бағыт жүк жеткізу уақытын бірнеше аптаға қысқартатынына сенім білдіріп отыр. Әсіресе тез бұзылатын тауарлар үшін аса пайдалы болмақ. Сонымен қатар дәліз халықаралық сауданың  тұрақтылығы мен  қауіпсіздігін  қамтамасыз етеді.

Назира Нұрбаева, Қазақстанның Сан-Францискодағы бас консулы:

- Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика әрі АҚШ-тың өңірдегі басты серіктестерінің бірі. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік бағыты секілді балама дәліздер еліміз үшін аса маңызды. Бүгінгі форум Вашингтонның осы бағытқа мүдделі екенін көрсетті. Себебі мұндай жолдар аймақтан америкалық нарыққа маңызды шикізат, сирек минералдар, уран өнімдері мен басқа да тауарларды тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.