Қазақстанның транзиттік рөлі күшейеді

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы Орта дәліздің маңыздылығын арттырып, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық және авиациялық хаб ретіндегі транзиттік рөлін күшейтті.

1 маусымнан бастап Люксембургтің ірі жүк әуе тасымалдаушысы Астана әуежайына қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол елорда әуе айлағын техникалық аялдама ретінде пайдаланбақ. 

Аптасына 14 әуе рейсі. Компания өкілдерінің айтуынша, Еуропа-Азия және Азия-Еуропа бағыттарындағы маршруттық желінің тұрақтылығын күшейту үшін Астанаға таңдау түскен. Геосаяси шиеленіс жағдайында әуе арқылы тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігі өте маңызды болып тұр, - дейді мамандар.

Рейстер қайта жанданған жағдайда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық арта түспек. Әңгіме тек Люксембургтен тасымалданатын жүк туралы болып отырған жоқ. Бұл ел Еуропаның орталығында орналасқандықтан оның көлік инфрақұрылымы Франция, Германия, Бельгия, Нидерланд және басқа да елдердің нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.

Ричард Форсон, Люксембург әуе жүк тасымалдаушы компаниясының бас директоры:

- Қазақстанның Орта дәліздегі маңызы зор. Бұл тек автомобиль және теміржол тасымалына ғана емес, авиацияға да қатысты. Астана техникалық аялдама ретінде пайдаланылады. Ол әсіресе Қытайдан Еуропаға жүк таситын ұшақтар үшін қажет.

Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы бағыттарда жұмыс істейтін әуе тасымалдаушылары қауіпсіздік мәселелері мен санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр. Осыған байланысты Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия арқылы өтетін дәліз қолданылады. Ұшақтар көлемі үлкен әрі салмағы ауыр жүктерді аман-есен жеткізу үшін елордада үзіліс жасап, отын қорын толтырады. Бұл өз кезегінде екі өңір арасындағы транзиттің тиімділігін арттырмақ.

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі Елшісі:

- Әрине, Қазақстанға рейстердің ашылуы компаниялардың өз жоспарларымен де тығыз байланысты. Сонымен қатар оның геоэкономикалық жағдайға да тікелей қатысы болып тұр.

Еуроодақ Иран төңірегіндегі шиеленісті және Ормуз бұғазы арқылы өтетін бағыттарға төнген қауіп-қатерді мұқият бақылап отыр. Сондықтан еуропалық институттар баламалы көлік маршруттарын қолдауды күшейтуде. Бірақ бұл жерде әңгіме тек саясат туралы емес – ең алдымен, бизнес, инвестиция және сауда турасында. Сарапшылардың бағалауынша, Орта дәліз Еуропа мен Қытай арасын жақындатады.

Марат Тертеров, Брюссель энергетикалық клубының негізін қалаушы:

- Біз жүк тасымалы уақытын шамамен 30-40 пайызға қысқартуға болатынын көріп отырмыз. Уақыт – ақша. Мұны кәсіпкерлер өте жақсы түсінеді. Сондықтан бизнес үшін бұл дәліздің тартымдылығы жоғары болып тұр.

Компаниядағылардың пікірінше, болашақта Астана коммерциялық аялдамалар үшін де пайдаланылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Люксембург арасындағы көлік ынтымақтастығын одан әрі еселеп, сауда және экономикалық байланыстарға жол ашпақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы