Үнді рупиі тығырыққа тірелді
Әдетте, қандай да бір мемлекеттің экономикасы өскен сайын, валютасы да күшеюі керек. Алайда Үндістанда жағдай мүлдем басқа.
Бұл ел қазір экономикалық өсім қарқыны бойынша Қытайдың өзін басып озса да, үнді рупиінің құны 2018 жылдан бері төмендеп келеді. Былтыр рупи Азиядағы ең әлсіз валюта атанды. Биыл билік бірқатар шара қолданып, жағдай сәл болсын түзелейін деді. «Бірақ оның өзі ұзаққа бармайды», - дейді сарапшылар. Ал доллар керісінше, күшейіп барады. Сонда бұл қалай болғаны?
Үнді рупиі тығырыққа тірелді
Өткен аптаның аяғында 1 доллар шамамен 95 рупиден саудаланды. Бұл – негізі, кейінгі екі айдағы ең жақсы көрсеткіш. Оған Үндістанның Орталық банкінің араласуы себеп. Биыл доллар құны 97 рупиге дейін жақындаған. Кей инвесторлар 100-ге жетуі әбден мүмкін деп топшылайды. Рупидің жылдар бойы құлдырап келуіне елдегі инфляцияның жоғары деңгейі әсер етті.
Бхаскар Датта, Bloomberg сарапшысы:
- Үй шаруашылықтары шығындарының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсайды, ал азық-түлік бағалары муссондар мен аптап ыстық сияқты ауа райы факторларының әсерінен жиі күрт құбылып тұрады. Жеткізу тізбектеріндегі іркілістер мен экономиканың бейресми секторының бір бөлігіндегі еңбек өнімділігінің төмендігі де инфляциялық қысымды күшейтеді.
Былтыр үнді валютасының едәуір төмендеуіне АҚШ-тың Үндістан импортына енгізген баж салығы мен соның салдарынан жергілікті қор нарығынан шетелдік инвесторлардың жаппай кетуі себеп болды. Тамыз айында АҚШ Үндістан тауарларына 50% баж салығын енгізді. Бұл – Азиядағы ең жоғарғы салық. Биыл мамыр айының соңына қарай шетелдік инвесторлар үнді акцияларынан 23 млрд долларға жуық қаржыны шығарып алып кетті. Бұл – рекорд. Қазір мемлекет сырттан инвестор тартудың тиімді тетіктерін қарастырып жатыр.
Тухин Канта Пандей, құнды қағаздар және биржа жөніндегі кеңестің төрағасы:
- Үндістанда және өзге де мемлекеттерде шетелдік қатысушылармен қарым-қатынас орнату кезінде мен, біріншіден, біздің тіркеу процесі әлі де тым көп уақытты қажет ететінін түсіндім. Бұл қолайсыз. Біздің мақсатымыз – мерзімді бірнеше күнге дейін қысқарту. Біз қолма-қол акциялар нарығын одан әрі дамытып, өтімділікті арттырғымыз келеді.
Биыл АҚШ-Иран соғысы онсыз да әзер тұрған рупидің жағдайын одан әрі қиындатты. Өйткені Үндістан – мұнай импортына тәуелді мемлекет. Қара алтынды сырттан сатып алу бойынша Қытай және АҚШ-тан кейін үшінші орында. 90%-ға жуық қажеттілігін шетелдік тауар есебінен жабады. Сондықтан отын бағасы өскен сайын мемлекет шетелдік валютаны көптеп сатып алуға мәжбүр. Әсіресе, долларды. Салдарынан рупиге сұраныс азаяды. Bloomberg басылымының мәліметіне сүйенсек, мұнай барреліне 100 доллардан саудаланса, ал газ бағасы соғысқа дейінгі деңгейден 50%-ға артса, Үндістанның импорттық шығындары айына 5 млрд долларға ұлғаяды.
Наурыз айында Үндістанның Орталық банкі рупиді қолдау үшін қатаң шаралар қабылдады. Алайда бұл да ұзаққа апармады. Үкімет отын бағасын көтерді тіпті, алтын импортына шектеу қойды. Бұл елдің валюталық резервін сақтап қалу үшін қажет. «Алайда ағымдағы шот тапшылығы мен шетелдік капиталдың жаппай сыртқа шығарылуы валютаға қысымды күшейте береді», - дейді сарапшылар.
АҚШ валютасы күшейді
Ал доллар керісінше, күшейді. Сарапшылар үшін бұл – күтпеген жағдай. Өйткені бұған дейін АҚШ валютасы әлсірейді деген пікірлер айтылған. Алайда қазір байқап отырғанымыздай, Ирандағы әскери шиеленіс америкалық валютаға капитал ағынының артуына себеп болды. Өйткені доллар негізгі «қорғаныс активі» ретіндегі мәртебесін сақтап отыр. Рейтер агенттігі Иранға шабуыл жасалған соң инвесторлар доллар сатып алуға асыққанын жазады. Осылайша, Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы доллар 2%-ға нығайған.
Патрик Томсон, Jpmorgan Asset Management компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бөлімшесінің басшысы:
- АҚШ доллары қазір күшейіп тұрғанымен, ұзақмерзімді перспективада әлсірейді деуге негіз бар. Бұл Құрама Штаттардың мемлекеттік қарыз деңгейінің жоғары болуына байланысты.
Биыл АҚШ мұнай экспорты бойынша Сауд Арабиясын басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Экспорт көлемі импортқа қарағанда басым. Кейінгі екі ай шамасында елден 250 миллион баррельдей мұнай сыртқа шығарылды. Bloomberg мәліметіне қарағанда, бұл америкалық валютаға қосымша қолдау болған.