Әлемдік нарық құбылып тұр
Азия нарығы Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа қарамастан нығайып келеді. Еуропалық биржалар бірі көтеріліп, екіншісі құлдырап, әртүрлі нәтиже көрсетіп отыр.
Ал мұнай тағы да қымбаттады. Бұған Израильдің Ливанға шабуылды күшейтуі тікелей себеп. Азия нарығы үшін апта табысты басталды. Оңтүстік кореялық индекс KOSPI тарихи көрсеткішке жетіп, таңнан 5 пайызға көтерілген. Тайваньдық TAIEX те 2 пайызға рекордтық өсім көрсетті. Гонконг пен Токионың акциялары 1 пайыз деңгейінде жоғарылаған. Бірақ Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы инвесторларға бәрібір маза берер емес. Оларды тек жасанды интеллект технологияларына салған қаржысы ғана құтқарып тұр.
Дженсен Хуанг, NVIDIA бас директоры:
- Біздің жаңа өнімдер технологиялық өркендеуге серпін беріп отыр. Өте жақсы пікірлер бар. Жаңа үлгідегі чиптеріміз ең оңтайлы процессорларға айналмақ. Инженерлер мен бағдарламаларды әзірлеушілер қатары күн санап өсіп жатыр. Жасанды интеллект жұмыстан айырмайды, керісінше көбейтеді.
Парсы шығанағындағы геосаяси текетірес Азия қор нарығына әртүрлі әсер етті. Мұндай құбылмалы үрдіс Еуропаға да тән болып тұр. Еуроаймақ индексі – «Еуротокс 50» әупірімдеп 400 тармаққа өсті. Бірақ ең қымбат 600 компанияны қамтитын «СТОКСС» биржасы өткен аптамен салыстырғанда 20 тармаққа төмендеген. Еуропалық инвесторлар АҚШ пен Иран қақтығысына әлі де қауіппен қарайды.
Исмаил Багаи, Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі:
- АҚШ-пен арада хат-хабар үзілген жоқ, бірақ түпкілікті келісімге әлі жете қойған жоқпыз. Ядролық бағдарлама мәселесіне қатысты жарытып ештеңе айта алмаймыз. Негізі соғысты тоқтатуға қарсы емеспіз. Ормуз бұғазы теңіз шекарасы ретінде Иранның қатаң бақылауында. Ол жаудың кемелері үшін жабық. Иран билігімен уағдаласқан кемелер ғана өте алады.
«Брент» маркалы мұнайдың баррелі 94 долларға қымбаттады. Өткен аптада ғана бұдан 4 долларға арзан еді. «Қара алтын» құнының жоғарылауына Израильдің Ливандағы әскери операциясының үдей түсуі себеп.
Авторлары: Бауыржан Шамшат, Ернат Рахметолла