БҰҰ-ның қаржысы таусылуға шақ тұр
Біріккен Ұлттар Ұйымы банкротқа шақ тұр. Мұны The Wall Street Journal басылымы жазды. Мәселе қауымдастықта осы жазға ғана жететін қаражат бар. Яғни тамызда ұйым көк тиынсыз қалуы мүмкін.
Бұған АҚШ пен Қытайдың жарнаны уақытылы төлемеуі себеп. Бұл екеуі де ұйымның басты доноры саналады. Бюджеттің 42 пайызын қаржыландырады. Жалпы қазір БҰҰ ғана емес, бірқатар халықаралық гуманитарлық бағдарлама қиын кезеңде тұр. Ал 80 жылдан бері жер дүниенің қайғы қасіретіне алаңдап, кедей-кепшікке қорған, жығылғанға сүйеу болып келген басты ұйымның болашағы не болмақ? Сарапшылар не дейді?
БҰҰ бюджетінің бүйірі 4 жарым млрд долларға толмай тұр. The Wall Street Journal басылымының дерегі бойынша, АҚШ - 4 млрд, ал Қытай 455 млн доллар берешек. Биыл әлемде 60-тан аса халықаралық ұйым Вашингтонның демеу қаржысынан айырылды. Құрама Штаттар бұлардың мүшелігінен шықты. Ал, соның жартысы - БҰҰ-на қарасты құрылымдар. Соның ішінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы да бар. Ақ үй әкімдігі БҰҰ-дағы қызметкерлердің жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ, - дейді. Сондай-ақ бизнес-класпен ұшуды доғару керек. Бұдан бөлек ұйымға аудармашылар мүлде қажет емес. Мұның орнына цифрлық көмекшілерді қолданған дұрыс. Сондықтан басы артық шығындарды қысқарту қажет, - дейді.
Майкл Джордж Десомбре, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхиты өңірі бойынша көмекшісі
- Біз Халықаралық ұйымдардың жұмысы ашық, жұмсалған қаржы мен қабылданған шешімдер бойынша нақты жауап берсе дейміз. АҚШ бұдан былай халықаралық құрылымдардың жетегінде кетпейді. Қазір біз Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен Газа, Гаити, Судан сияқты елдерде дағдарысты шешуге күш салып жатырмыз. Халықаралық ынтымақтастықтан бас тартпаймыз. Бірақ көп сөз бен қағаз жүзіндегі уәделерден гөрі нақты нәтижеге қол жеткізсек дейміз.
БҰҰ-ның қаржысы таусылуға шақ тұр
Иә, қырық құбылған қазіргі геосаяси жағдайда БҰҰ-ның әлемдегі басты халықаралық ұйым ретіндегі ықпалы бұрынғыдай емес. Мұны АҚШ Президенті Дональд Трамп та жиі айтады. Тіпті міндетін дұрыс атқара алмай жүр. Ұйымның орнын өзі құрған "Бейбітшілік кеңесі" алмастыруы мүмкін деген де емеурін танытқан еді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Иә, мүмкін. Өйткені халықаралық мәселелерді шешуде БҰҰ өзіне артылған жүкті дұрыс арқалай алмай жүр. Ұйымның әлеуеті зор. Бірақ мұны толық пайдаланған емес. БҰҰ мен тоқтатқан соғыстың ешқайсысын да шеше алған жоқ. Мен олардың көмегіне жүгінген емеспін. Сол қақтығыстарды БҰҰ шешетін жөні бар ғой. Дегенмен қауымдастық жұмысты тоқтатпауы керек деп санаймын.
Ал сарапшылар жаңа орган құрылса, 1945 жылдан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіп күйрейді. Күллі әлем ұстанған үйреншікті ережелер өз күшін жоғалтады, - дейді.
Йосси Мекелберг, CHATHAM HOUSE орталығының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша бағдарламасының зерттеушісі:
- Ақ үйдің қазіргі басшысы БҰҰ-ның мәртебесін түсіргісі келеді. Сол арқылы әлемде АҚШ-қа ыңғайлы тәртіп орнатуға ұмтылады. БҰҰ-ның өз жарғысы бар. Бұл нормалар Адам құқығы мен Женева конвенциясына негізделген. Ал жаңа орган құрылса, қазіргі халықаралық тәртіптің ізі де қалмайды.
Әлемде 300 млн адам БҰҰ көмегіне мұқтаж
БҰҰ-ның дерегі бойынша қазір әлемде 300 млн адам қауымдастықтың көмегіне мұқтаж. Биыл 4 айда соның 14 миллионына қол ұшын создық, -дейді. Алайда қаржы қат. Сондықтан халықаралық гуманитарлық бағдарламаларға қауіп көп. Қытай алдағы айда 455 млн берешегін өтеуге уәде етті. Тіпті елдің сыртқы істер министрі ресми Бейжіңді БҰҰ-ның басты демеушісіне теңеді.
Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі
- БҰҰ мінсіз емес, әрине. Бірақ жаһандық басқарудағы ең беделді алаң екені анық. Реформаның мақсаты - ұйымды әлсірету емес, керісінше күшейту. Біз мүше мемлекеттердің жетекші рөлін сақтап, әділеттілік, ашықтық және инклюзивтілікті қамтамасыз етуіміз керек.
Ұлыбритания мен Германия да қаржыны қысқартты. Еуропаның жетекші екі елі үнемдеуге көшкенін айтады. Ал Швеция мен Нидерландта билікке оңшыл күштер келіп, жарналарын азайтты.
Ал қаржы шетелдегі миссияларды жүргізуге ғана емес, ұйым штаб-пәтерінің жұмысын жалғастыруға да жетпей тұр. Бюджеттің 70 пайызы еңбекақыға жұмсалады. Сондықтан бірқатар бөлімді қысқартып, 3 мың қызметкерді орнынан босатты. Аудармашылар жұмысының уақытын қысқартты. Тіпті экскалаторларды да өшірген. Алдағы уақытта жоғары лауазымды басшылар саны кезең-кезеңімен азайтуға ниетті.
Антониу Гуттериш, БҰҰ бас хатшысы:
- Биыл қызметкерлер саны 21 пайызға қысқарды. 11 әкімшілік топ біріктірілді, Валенсияда цифрлық орталық ашылды, жалақы есептеу жүйесі орталықтандырылды. Шамамен 2000 қызметкердің жұмысы арзан қалаларға көшірілді. Нағыз реформа қиын шешімдерді талап етеді. Қазір өз мүддесін күйттейтін немесе уақыт созатын кезең емес. Біз 80 жыл бұрын БҰҰ құрылтайшылары секілді бүкіл адамзаттың және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін әрекет етуіміз керек.
БҰҰ өз міндетін атқарып жүр ме?
БҰҰ осыдан 80 жыл бұрын құрылды. Басты мақсаты - кейінгі ұрпақты дүниежүзілік соғыстан қорғау болатын. Қазір құрамына 193 мемлекет кіреді. БҰҰ Бас Ассамблеясы, Қауіпсіздік Кеңесі, Гаагадағы Халықаралық сот, сондай-ақ ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді ондаған агенттік осы уаққа дейін жаһандағы тұрақтылыққа үлес қосып келді. Сарапшылар БҰҰ-ның 80 жылда жасаған жұмысын жоққа шығару қисынсыз, - дейді. Қазір әлем жұртшылығы халықаралық құқық жүйесіне сенбейді. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы шиелініс, Африкадағы гуманитарлық апат, босқындар мәселесі - БҰҰ-дан жедел әрекет етуін талап етеді. Алайда ұйымның абыройы бұрынғыдай емес.
БҰҰ әлемдегі ықпалын сақтай ала ма, жоқ па? Қазір көптің көкейінде жүрген басты сұрақ осы. Сарапшылардың бірі: Үлкен жетілік, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы секілді аймақтық ұйымдардың рөлі күшейеді десе, енді бірі: БҰҰ әлемдегі басты келіссөз алаңы ретінде қала береді, - дейді. Өйткені әлем елдерінің бәрін бір үстел басына жинай алатын одан басқа ұйым әзірге жоқ.