Сенсация: Жапония жаңа тіс өсіретін дәріні сынақтан өткізіп жатыр

Фото: depositphotos.com

Жапонияда адамның жаңа тіс өсіруіне көмектесетін инновациялық препараттың клиникалық сынақтары басталды, деп хабарлайды «24kz».

Pharmprom.news мәліметінше, жапон ғалымдары мен Toregem BioPharma биотехнологиялық стартапы әзірлеген TRG035 препараты адамның жаңа тістерінің өсуін ынталандыруға қабілетті болуы мүмкін. Қазіргі уақытта дәрі ресми түрде клиникалық сынақ кезеңінен өтіп жатыр.

Әзірлеушілердің айтуынша, препарат USAG-1 ақуызының әсерін тежейтін гуманизацияланған моноклоналды антиденеге негізделген. Бұл ақуыз тістердің табиғи дамуын шектейді. Ғалымдар аталған биологиялық кедергіні жою арқылы ағзадағы «ұйықтап жатқан» тіс бастамаларын белсендіруді көздеп отыр.

Мамандардың түсіндіруінше, адамдардың көпшілігінде тек сүт және тұрақты тістер өседі. Алайда кейбір адамдардың қызыл иегінде дамымай қалған қосымша тіс бастамалары болуы мүмкін. Жаңа препарат сол бастамаларды оятып, жаңа тістің қалыптасуына мүмкіндік береді деген үміт бар.

Қазір препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі зерттеліп жатыр. Егер клиникалық сынақтар сәтті аяқталса, болашақта бұл әдіс тістері туа бітті жетіспейтін балаларды емдеуге және түрлі себеппен тісінен айырылған адамдарға көмектесуге қолданылуы мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, бұл стоматология саласындағы ең ірі жаңалықтардың біріне айналуы ықтимал.