Түркі елдерінің цифрлық платформасы әзірленді

Түркия түркі елдеріндегі қоғамдық ұйымдарды бір арнаға тоғыстыратын жаңа цифрлық платформаны іске қосуға дайындап жатыр.

Бұл туралы Анкарада өткен «Түркі әлемі интеграциясының жаңа мүмкіндіктері» атты халықаралық симпозиумда мәлім болды. «Түркі әлемі-нің азаматтық қоғам ұйымдарын қолдау жүйесі» деп аталатын жоба, бауырлас елдердің қоғамдық ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, өзара ықпалдастықты арттыруды көздейді. Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлуның айтуынша, жаңа платформаның тұсаукесері, 23 маусым күні Ыстанбұлда өтеді. Ортақ цифрлық кеңістікке қоғамдық бірлестіктер, қорлар, қауымдастықтар мен жастар ұйымдары біріктіріледі. Соның нәтижесінде түркі жұрты бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, білім, ғылым, мәдениет және әлеуметтік саладағы ортақ бастамаларды бірлесіп жүзеге асыра алады.

Күршад Зорлу, Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары:

- Бұрындары бірнеше бағытпен ғана шектелген ынтымақтастығымыз бүгінде 30-дан астам саланы қамтиды. Соның ішінде маңызды бастамалардың бірі – «Түркі әлемінің азаматтық қоғамды қолдау жүйесі» жобасы. Жобаны әзірлеу барысында бауырлас елдердегі азаматтық қоғамның әлеуеті жоғары екенін көрдік. Алайда өзара байланыстың әлі де күшейтуді қажет ететін тұстары бар екені байқалды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жүйені толық әзірлеп шықты. Қолданысқа енуге дайын тұр. Қазір түркі әлеміне қатысты кешенді жұмыстар министрліктер деңгейінде белсенді жүргізілуде.