АҚШ Иранға соққыны тоқтатуға шақырды

Израиль қарулы күштерінің Ливан астанасына шабуылы Таяу Шығыстағы шиеленісті қайта ушықтыруы мүмкін. 

Иран Тель-Авивтің көрші елдің әрекетін айыптап, қарымта ретінде өз әуе кеңістігін жапты. Ахуалға қарамастан АҚШ Иранмен келіссөзді жалғастыруға ниетті. Бірақ президент Дональд Трамп АҚШ Ислам республикасының бұғатталған активтерін босатпайтынын және санкцияларды жеңілдетпейтінін айтады. Ақ үй мұндай қадамға тек Тегеран келісімге келсе ғана барамыз деп отыр. 

Динара Қуандыққызы, тілші:

- Израильдің Бейрутқа жасаған соққысынан кейін жағдай қайта шиеленісе түсті. Бұған жауап ретінде Иран бірнеше толқынмен зымырандық шабуыл ұйымдастырды. Осыдан кейін Таяу Шығыстағы ахуалды реттеуге бағытталған келіссөз үзіліп, жағдай күрделеніп кете ме деген қауіп күшейді.

Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп қақтығыстың одан әрі ушығуына жол бермеуге тырысып жатыр. Осы мақсатта Вашингтон Израильді Иранға соққы жасауды уақытша кейінге қалдыруға шақырған. Израильдік Ynet басылымының мәліметінше, АҚШ тарапы Тель-Авивке «бірнеше күн күте тұру» жөнінде белгі берген. Ақ үй бұл уақыт аралығында Тегеранмен келісімге келудің мүмкіндігі бар деп есептейді.

Трамп Иранға жаңа шарт қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты ұстанымын тағы да қатаңдатты. Оның айтуынша, Вашингтон Тегеранның бұғатталған активтерін босатпайды және санкцияларды жеңілдетпейді.

Мұндай қадамдар тек Иранмен нақты келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана қарастырылуы мүмкін.

NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп санкцияларды алып тастау немесе бұғатталған қаржыға қол жеткізуге рұқсат беру келіссөздердің басты шарты емес екенін айтты. Ақ үй бұл мәселелерді ықтимал келісімнің нәтижесі ретінде ғана қарастыратынын мәлімдеді.

АҚШ пен Иран келіссөзді жалғастырып жатыр

Динара Қуандыққызы, тілші:

- АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер әзірге нәтиже берген жоқ. Дегенмен Axios басылымының мәліметінше, тараптар алдын ала келісім жобасы бойынша белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізген. Алайда кей мәселелер бойынша әлі ортақ шешімге келе алмай отыр. Вашингтон Ираннан, ең алдымен, ядролық қару бағдарламасынан бас тартуды талап етсе, Тегеран мәмілге келу үшін еліміздің мүддесін ескеретін ұсыныстар жасалмай отыр дейді. 

Авторы: Динара Қуандыққызы